Жаңалықтар

Мемлекет басшысы: Біз үшін Тайвань – Қытайдың бір бөлігі

Мемлекет басшысы: Біз үшін Тайвань – Қытайдың бір бөлігі
Фото: ҚР Президентінің баспасөз қызметі 12.05.2023 22:00 1086

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тайваньның тәуелсіздігін мойындау туралы идеяны неліктен теріске шығарғанын түсіндірді.

Президент бұл туралы Қытайдың CCTV телеарнасындағы Leaders Talk бағдарламасында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жалпы, бүкіл әлем мына мәселені анық түсінуі керек деп санаймыз. Екі Қытай болмауы керек. Тайвань – Қытайдың бір бөлігі. Демек, БҰҰ Жарғысында бекітілген барлық мемлекеттердің аумақтық тұтастығы туралы қағидат мүлтіксіз сақталуға тиіс. Бұл қағидат Шанхай ынтымақтастық ұйымының Жарғысы мен декларациясына да енгізілді. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, біз үшін Тайвань – Қытайдың бір бөлігі. Бұл анық. Оған ешқандай шүбә келтірмейміз. 

Мемлекет басшысы сұхбат барысында жаһандық маңызы артып келе жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымына да тоқталды. Тілші: «Биыл ШЫҰ-ға төрағалық міндетін Қазақстан қабылдап алады. Құбылмалы геосаяси кеңістікте ұйымның рөлін қалай бағалайсыз? Қазақстанның төрағалығы ұйымға не береді?» деп сұрады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ШЫҰ-ның әлеуетін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын тілге тиек етті.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы – келешегінен көп нәтиже күттіретін, өте ықпалды ұйым екенін дәлелдеді. Ұйым құрылған кезден бастап оған Қытай зор қолдау көрсетіп келеді. ШЫҰ өз қызметін 1996 жылы Шанхайда бастады. Қазақстанның Сыртқы істер министрі ретінде ұйымның жұмысын бастау рәсіміне қатыстым. Яғни Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіне құрылған сәттен бастап атсалысқанымды мақтан тұтамын. Әрине, Қазақстан  ұйымның келешек төрағасы және осы ұйымға мүше елдер саммитін ұйымдастырушы мемлекет ретінде ШЫҰ-ның әлеуетін арттыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды, - деді Тоқаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға