Мемлекет басшысы аграрлық бизнес өкілдерімен кездесті
Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешені саласындағы бизнес өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.
Жиында ауыл шаруашылығын дамытудың түйткілді мәселелері мен перспективалары талқыланды.
Кездесуде Президент былтыр ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 9,1 пайызды құрағанын атап өтті. Оның айтуынша, егін бітік шығып, диқандар 23 миллион тоннаға жуық астық жинады. Сондай-ақ егіс алқаптарын әртараптандыру және мол өнім беретін дақылдар өсіруге көшу жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. Майлы дақылдар өсіретін егіс көлемі шамамен 4 есе ұлғайып, 3,5 миллион гектарға жетті. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл оң нәтижеге күнделікті еселі еңбегімен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға зор үлес қосып жүрген ауыл азаматтарының арқасында жетіп отырмыз.
Сонымен қатар Президент аграрлық саладағы бірқатар түйткілді мәселені ашық талқылау аясында қарастыруды ұсынды.
Кездесу барысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, көпсалалы «Родина» кәсіпорнының директоры Иван Сауэр, «Олжа Агро» ЖШС-нің бас директоры Айдарбек Қожаназаров, «Зенченко және К» шаруа серіктестігінің директоры Геннадий Зенченко, «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-нің директоры Фарид Әбітаев сөз сөйледі.
Олар өндірісті әртараптандыру, шикізатты терең өңдеу және жаңа агроөнімдерді өндіру, қант саласын дамыту, тұқым шаруашылығы, мал шаруашылығы және ветеринария, сондай-ақ ішкі нарықты қамтамасыз етіп, экспорттық әлеуетті арттыру мәселелерін қозғады.
Жиын барысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қаражат бөлу мен пайдаланудың тиімділігі, жер және су ресурстарын әділ бөлу мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Аграрлық бизнес өкілдері ауылдарда өмір сүру сапасын арттыру, жол-көлік және әлеуметтік инфрақұрылымның, оның ішінде мектептер мен балабақшалардың жағдайын жақсарту, сондай-ақ кадр даярлау қажеттігін атап өтті.
Президент баяндамаларды тыңдап, Үкіметке айтылған барлық ұсынысты назарға алуды және кәсіпкерлердің пікірін ескере отырып, ауыл шаруашылығының жай-күйіне мұқият талдау жүргізуді тапсырды. Мемлекет басшысының пікірінше, агроөнеркәсіп кешені өкілдерімен мұндай кездесулерді тұрақты түрде өткізіп тұру керек. Себебі ауыл шаруашылығындағы мәселелердің шешімін табуы азаматтардың өмір сүру сапасына ғана емес, сонымен қатар елдің азық-түлік қауіпсіздігіне де ықпал етеді.