Мемлекет басшысы: Әбіш Кекілбайұлы нағыз тау тұлғалы азамат еді
Президент Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда еліне ерінбей қызмет еткен азаматтардың еңбегін ерекше атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ол жеке мүддесін емес, ел мүддесін бәрінен биік қоятын азаматтар ұрпаққа үлгі болуы қажет екенін алға тартты. Әсіресе бұл қазіргі геосаяси жағдайда аса маңызды деп отыр.
Әйгілі қаламгер, көрнекті мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаевты айрықша атап өткім келеді. Ол – руханият саласында, мемлекеттік қызметте ерекше қолтаңбасын қалдырған біртуар тұлға, классик жазушы. Мен Әбекеңмен қызметтес болдым, жақын араластым. Әбіш Кекілбайұлы нағыз тау тұлғалы азамат еді. Ол ішкі мәдениеті өте жоғары жан болатын. Ешқашан біреуді біреуге қарсы қоймайтын, бәріне сүйіспеншілікпен қарайтын. Әр аймақтан өзіне сәлем беруге келген азаматтарға есігі қашанда айқара ашық еді. Онымен тілдескен адамдар рухтанып, қанаттанып шығатын. Әбекең ұсақ-түйек әңгімеге берілмейтін, жалпы адамзатқа ортақ мәселелер туралы ойланып, толғанатын. Бір сөзбен айтсақ, Әбіш Кекілбаев нағыз зиялы адам, кемеңгер тұлға болды, - деді Тоқаев.
Халқымыздың нар тұлғалы перзенттерін, олардың өмір жолын жан-жақты дәріптеуді, лайықты құрмет көрсетуді тапсырған президент Ілия Жақановқа да алғысын айтты:
Бүгін ортамызда құрылтай мүшесі, аса көрнекті мәдениет қайраткері, Қазақстанның Еңбек ері Ілия Жақанов отыр. Ілекең де – нағыз мемлекетшіл тұлға, зиялы қауым ішіндегі аса беделді ағамыз. Әрдайым салмақты ой, салиқалы пікірімен елге сыйлы болып жүрген ардақты азамат.