Жаңалықтар

Мектептерге Хандар мен батырлардың есімі беріле бастады

Қазақ Хандығының 550 жылдығына орай ШҚО мектептеріне Абылай хан мен Қожагелді батырдың есімдері беріледі.
11.02.2015 09:53 5041

Қазақ Хандығының 550 жылдығына орай ШҚО мектептеріне Абылай хан мен Қожагелді батырдың есімдері беріледі. 2015 жылы Республика бойынша кең ауқымда аталып өтілетін Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған облыстық іс-шаралар жоспары бойынша ШҚО мектептеріне қазақ мемлекеттілігінің іргесін бекітуге үлес қосқан тұлғалардың аттары беріледі. Бұл туралы баспасөз мәслихатында ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мәлімдеді.

Мектептерге Хандар мен батырлардың есімі беріле бастады

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, Шығыс Қазақстанда «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық форумы, Катонқарағай ауданындағы әйгілі Патшалар жазығында халықаралық музыкалық ән фестивалі ұйымдастырылады. Сонымен қатар, Абай ауданында республикалық ақындар айтысын, спорттық салада қазақша күрес пен дзюдодан халықаралық турнир өткізу жоспарлануда.

Жиын барысында Жақсылық Омар қазақ тарихын насихаттай отырып, өткеннің ұлағатын ұрпаққа жеткізу мақсатында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылатынын атап өтті. Осы орайда, облыстық театрлар «Қаракерей Қабанбай», «Кенесары-Күнімжан», «Отырардың күйреуі», «Ызғарлы Желтоқсан» тарихи драмаларын көрермендер назарына ұсынса, жалпы білім беретін мектептерде патриоттық сабақтар, «Қазақ мемлекеттілігінің бастауы», «Қазақ хандығының тарихы», «Тарих. Жасампаздық. Тәуелсіздік» тақырыбында шығармалар конкурсы, облыстағы тоғыз жоғарғы оқу орындарының студенттері арасында «Тәуелсіздік толғауы» тақырыбына ғылыми жұмыстар конкурсы өткізіледі.

– Тарбағатай және Үржар аудандарының орта мектептеріне «Абылай хан» мен «Қожагелді батырдың» есімдерін беру салтанаты осы мерейтойға тұспа-тұс келіп отыр. Сондай-ақ, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған хроникалық-деректі бейнефильмдерді шығару, өңірлік телеканалдардан деректі фильмдер көрсетілімін ұйымдастыру мәселесі де назардан тыс қалмайды. 2015 жылдың тамыз айында Қазақ хандығының 550-жылдығына арналған жыл бойында өткізілетін мерекелік шаралардың қорытындысы ретінде Жамбыл облысы Тараз қаласында республикалық деңгейде өтетін ұлы тойға облыс атынан зор дайындықпен қатысып, жалпыға бірдей мерекені өткізуге ат салысу – басты міндеттердің бірі, – деді Жақсылық Омар.

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай тарих қайта түлеп, деректер толыға түсетіні анық. Қазақ мемлекеттілігінің іргесін бекітіп, осындай ел болуына септігін тигізген тұлғаларға деген құрмет әлі де жалғасын табатыны анық.


Әзірлеген: Досжан Ділдабай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға