Мектептердегі тамақтану сапасы талқыланды
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылғы қыркүйектен бастап мектептерде бастауыш сынып оқушыларына алғаш рет тегін ыстық тамақ беріле бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оқу-ағарту министрлігінде Денсаулық сақтау министрлігі, өңірлік білім басқармалары және «Атамекен» ҰКП өкілдерінің қатысуымен өткен жиын барысында білім беру ұйымдарындағы тамақтану сапасын қамтамасыз ету шаралары талқыланды.
Тамақтану сапасын арттыру мақсатында өткен жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Тамақтану нормалары қайта қаралып, асхана қызметкерлеріне қойылатын талаптар күшейтілді, жеткізушілерге СЭС қорытындысын алу міндеттелді, сондай-ақ тегін тамақ алушылардың есебі автоматтандырылды. Мектептерде тамақтану сапасын күнделікті бақылау үшін бракераждық комиссиялардың жұмысы міндеттелді. Бұған қоса, барлық өңірлерде ата-аналар, қоғамдық ұйым өкілдері және мәслихат депутаттарының қатысуымен ведомствоаралық сараптамалық комиссиялар арқылы қоғамдық бақылау ұйымдастырылды.
Жалпы тамақтануды жүйелі түрде ұйымдастыру сапасын мемлекеттік бақылауды Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері қамтамасыз етеді. Бүгінде білім беру ұйымдарындағы тамақтану стандартының жобасын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Өз кезегінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес қауымдастығын сапалы және қауіпсіз тамақтануды ұйымдастыруда жоғары жауапкершілік танытуға шақырды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев уәкілетті мемлекеттік органдарға бракераждық және ведомствоаралық комиссиялардың құрамын жаңартып, оларға өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдерін енгізуді, комиссиялардың жұмыс алгоритмін жаңарту, сондай-ақ барлық процеске қатысушылардың мониторинг жұмыстары мен бақылауын күшейту тапсырды. Талаптар жүйелі түрде бұзылса жергілікті билік органдарына қызмет көрсетушілермен келісім-шарттарды біржақты тәртіппен бұзу құқығы беріледі.
Бүгінде 1,7 миллионнан астам қазақстандық оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерден 192 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. 2025 жылдан бастап жеке мектептердің 25 мың оқушысын тегін тамақпен қамту жоспарланды, оған мемлекет қосымша 12 миллиард теңге бөледі.