Мектептерде бірыңғай өрт қауіпсіздігі күні өткізілді

Елімізде мектеп оқушылары үшін бірыңғай өрт қауіпсіздігі күні өтті. ТЖМ ұйымдастырған іс-шараның мақсаты - өрт қауіпсіздігі ережелерін үйрету. Профилактикалық жұмыстармен 100 мыңнан астам оқушы және 3 мыңнан астам мектеп қамтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Акция шеңберінде оқушыларға, педагогтар мен ата-аналарға өрт қауіпсіздігінің негізгі аспектілерін қамтитын дәрістер мен нұсқамалар ұйымдастырылды. Zoom платформасы арқылы интерактивті сабақтар мен онлайн сабақтар өткізілді. Онда қауіпсіз мінез-құлықтың негізгі ережелері, сондай-ақ өртке байланысты қауіптер туралы хабардарлықты арттыруға мүмкіндік беретін тестілік онлайн-сауалнамалар көрсетілді.
Бұдан басқа өрт сөндіру құралдары мен көрнекі материалдардың көрмелері, мектеп ғимараттарынан эвакуациялау бойынша жаттығулар ұйымдастырылды. Акцияға министрлік қызметкерлерінен басқа өңірлік білім басқармалары мамандары да қатысты.
Ведомство өрт туындаған кездегі сақтық шаралары туралы халықтың қауіпсіздігі мен хабардар болу деңгейін арттыру бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті.
