Мектептегі биология пәні жаһандық ғылымнан 10 жыл артта келеді
Биология пәнінің оқу бағдарламасына кіргелі көп уақыт өтті. Бірақ соңғы кездері білім беру стандарттарына қатысты көп сын айтыла бастады. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемдегі тенденцияға айналған. Алайда біздің елдегі пәнді оқытудың кемшіліктері бар. Осы жазбада биология туралы сөз қозғаймыз. Негізгі 3 басты мәселесі бар.
Бірінші – оқулықтардағы ескірген ақпарат. Мысалы, әлі күнге дейін адамдардың ата-бабалары қатарында дриопитек айтылады. Алайда қазіргі таңда олай емес екендігі дәлелденді. Ол ХХ ғасырда қалыптасқан пікір болатын. Бұл мысал мектептегі биологияның басқа да бөлімдеріне қатысты. Заманауи жаңалықтар соңғы кезде елеусіз қалып жатады. Сонымен қатар кітап бойына тараулардың орналасуы да түсініксіз. Ең алдымен ботаникаға кіріспе. Гүлдер мен шөптер туралы балаларға түсініктірек деген ойдан туған болар. Кейін жануарлар әлемі кетеді, соңында адам туралы бөлімге жетеді. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, бұл әдіс қате. Ботаника біз ойлағаннан өте қиын және балалардың биологияға деген қызығушылығын мүлдем өлтіріп алады. Биология оқытудың ең тиімді әдісі – адам мысалында пәнді оқыту. Екінші басты мәселе – мұғалімдер деңгейі. Биология тез дамып жатқан ғылымдардың бірі, ал мұғалімдері болса сол бұрынғы мәліметтермен қалған. Көбіне саладағы соңғы жаңалықтар бойынша хабарсыз жүреді. Биологиялық заңдылықтарды дұрыс түсіне бермейді. Бұл педагогикалық оқу орындардың проблемасы. Аталған мәселені шешу үшін, оқыту курстарын заман ағымына сай өзгерту керек. Бірақ бұл өз жемісін 5-10 жылда береді. Үшінші мәселе – ғылымның, оның ішінде биологияның да мәртебесі төмен. Осыдан барып оқушылардың оқуға деген талпынысы төмендейді. Бұл жағдайды жөндеу үшін осы саладағы мемлекеттік саясатты күшейту керек. Биологияға қатысты проблемалар аса көп емес. Бірақ оларды қазірден бастап шешу керек. Сонда мектептегі биология оқушыларға қызықты болар еді.
Мектеп биологиясы қазіргі заманның ғылымынан он шақты жылға қалып қойған. Эволюция теориясы – биологияның негізі. Бірақ қазіргі мектептегі оқытылып жатқан бұл тақырып ХІХ ғасырда қалып қойған. ХХ және ХХІ ғасырдағы соңғы жаңалықтар елеусіз қалып қойды. Осының арқасында логикалық даму үзіліспен беріледі. Оқушы биологиядағы теориялардың дамуын дұрыс түсіне алмай қалып, материалды қабылдау деңгейі төмендейді. Биология тез қарқынмен дамып жатыр, осындай жылдам өзгерістерге үлгеру үшін мектеп бағдарламалары заманға сай болуы шарт.