Жаңалықтар

Мексикада сай маңынан адамдардың дене бөліктері мен бас сүйектері салынған 45 қап табылды

Мексикада сай маңынан адамдардың дене бөліктері мен бас сүйектері салынған 45 қап табылды
Фото: ©AP/Marco UGARTE 02.06.2023 10:50 676

Мексика билігі батыстағы Гвадалахара қаласына жақын маңдағы сайдан адам сүйегі салынған 45 қапты тапты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

BBC News-тің мәліметінше, жергілікті билік мәйіттерді өткен аптада із-түзсіз жоғалып кеткен колл-орталықтың жеті қызметкерін іздеп жатқанда тапты. Олардың ішінде әйел мен ер адамдардың сүйегі бар.

Батыстағы Халиско штатының мемлекеттік прокуратурасы жеті адамның жоғалғаны туралы ақпарат түскеннен кейін Мирадор-дель-Боске сайында іздеу жұмыстарын жүргізгенін мәлімдеді. Сол жерден дене бөліктері салынған қап табылды.

Жергілікті өрт сөндіру және азаматтық қорғаныс қызметі полициямен және тікұшақ экипажымен бірлесіп, сайды тазалаумен айналысты.

Бірінші қап сейсенбі күні табылды, бірақ іздеу жұмыстары тоқтамай кейін, сәрсенбі күні жалғасты. Барлық сүйек табылғанша іздеу жалғаса береді, деп хабарлады прокуратура. Мәйіттер саны, олардың кім екені және не үшін қаза тапқанын анықтау жалғасады.

Сондай-ақ жергілікті билік із-түзсіз жоғалған жеті адамды іздеуді жалғастыра береді. Мәйіттердің сайға қалай тасталғаны әзірге белгісіз. Мексикада адамдар жиі жоғалады және бұл қылмыс түрі аталған елде кең таралған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға