Жаңалықтар

Мегаполис басшысы тұрғындармен кездесті

Жеңіс Қасымбек Үркер елді мекеніне арнайы барған
Мегаполис басшысы тұрғындармен кездесті
Фото: gov.kz 05.02.2023 03:06 1382

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Үркер елді мекенінің тұрғындарымен кездескенін мәлім етті, деп хабарлайды El.kz қала басшысының Instagram парақшасына сілтеме жасап.

Үркер елді мекенінің тұрғындарымен кездестім. Тұрғындар инженерлік желілерді, электрмен жабдықтау желілерін, әлеуметтік нысандарды, жолдар салу, абаттандыру, көгалдандыру, аялдамалар сынды мәселелерді көтерді. Елді мекенді дамытудың жалпы жоспарын құрамыз, ең алдымен шешілуі тиіс міндеттерді және екінші кезеңде қолға алу қажет мәселелерді анықтаймыз, - деп жазды әкім.

Айтуынша, бірінші кезектегі міндет – Үркер елді мекенінде кәріз және электрмен жабдықтау желілері проблемасын шешу.

Біз мұны бірінші кезекте орындаймыз. Сол сияқты бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізіп жатырмыз. Мәселен мердігерлерге биыл дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен өрт сөндіру депосының құрылысын аяқтау міндеті тапсырылды. Сондай-ақ осы елді мекенде екі мектеп (2024 жылы және 2025 жылы пайдалануға беріледі) саламыз. Қалада келесі оқу жылына 13 мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 100 мың оқушы орнына арналған 25 мектеп (2 ауысымды) саламыз. Олардың құрылысын биылдан бастаймыз, - деді Жеңіс Қасымбек.

Белгілі болғандай, Астанада 16 елді мекен бар. Елорданың әрбір төртінші тұрғыны елді мекенде тұрады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға