Жаңалықтар

Медицинадағы жасанды интеллект

Медицинадағы жасанды интеллект
Фото: pixabay.com 16.04.2025 18:43 765

XXI ғасыр – технологиялық серпіліс ғасыры. Әсіресе, медицина саласы соңғы онжылдықта қарқынды дамып келеді. Жаңа технологиялар ауруды ерте анықтап, тиімді емдеу жолдарын ұсынуға мүмкіндік береді. Соның ішінде жасанды интеллект (ЖИ) пен роботтандыру – медицинаның болашағын түбегейлі өзгертіп жатқан басты құралдардың бірі. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі аталған технологиялардың жаһандық және Қазақстандағы қолданысы туралы нақты деректермен бөліспек.

XXI ғасырдың алғашқы ширегі денсаулық сақтау жүйесін технологиялық трансформация ғасырына айналдырып отыр. Жасанды интеллект (ЖИ), үлкен деректер (Big Data), робототехника, телемедицина және биоинженерия – бүгінде емдеу тәсілдерінің дәлдігін, жылдамдығын және қолжетімділігін арттырып жатқан негізгі бағыттар. Әлемдік тәжірибеде дәл осы технологиялар қатерлі ауруларды ерте анықтап, медициналық қателіктерді азайтып келеді. Қазақстан да бұл бағытта қалыс қалмай, цифрлық денсаулық сақтау жүйесін дамытып, жасанды интеллект пен роботтарды медициналық практикаға енгізу жұмысын бастады.

Жасанды интеллект: диагностикадағы серпіліс

Жасанды интеллект – машиналардың адам секілді ойлап, үйренуін қамтамасыз ететін алгоритмдер жүйесі. ЖИ ауру түрін анықтау үшін миллиондаған науқас деректерін салыстырып, ауру белгілері мен медициналық кескіндер арқылы дәл диагноз қоюға қабілетті. Мәселен, IBM Watson for Health жүйесі онкологиялық ауруларға диагноз қоюда АҚШ-та 93% дәлдік көрсеткен. Ал офтальмологияда ЖИ диабеттік ретинопатияны ерте кезеңде анықтап, көру қабілетін сақтау мүмкіндігін арттырады. Google DeepMind компаниясының AlphaFold моделі ақуыздардың құрылымын дәл болжайды. Бұл - онкология мен генетикалық ауруларды зерттеуде үлкен жетістік. Сондай-ақ, медициналық кескіндерді (рентген, КТ, МРТ) автоматты талдау арқылы дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеді. Дербестендірілген ем жасау – науқастың генетикалық ерекшеліктеріне қарай тиімді емдік жолды анықтау мүмкіндігі туындайды. ЖИ әр науқастың генетикалық, физиологиялық ерекшеліктерін есепке алып, арнайы емдеу тәсілін ұсынады.

Елімізде де ЖИ технологияларын енгізу басталып кетті. Мәселен:

- 2021 жылы Астанада Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты жасанды интеллект көмегімен өкпе обырына арналған скринингтік зерттеулер жүргізуді бастады.

- Digital Doctor жобасы аясында эндокринология, кардиология салаларында ЖИ-ге негізделген диагноз қою алгоритмдері тестіленуде.

- 2023 жылдан бастап Қазақстанның бірнеше ауруханасында MedData компаниясы әзірлеген жасанды интеллектке негізделген рентген-суреттерді талдау жүйесі енгізіле бастады. Бұл технология Тараз, Шымкент және Қарағанды қалаларында сәтті қолданылып келеді.

- «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында медициналық деректерді цифрландыру мен ЖИ технологияларын енгізу көзделіп отыр.

- Қазақстан Республикасында денсаулық сақтауды цифрландыруды дамыту мақсатында 2022 жылы «Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы» бекітілді. Бұл құжатта денсаулық сақтау жүйесін цифрландыруды дамытуға бағытталған негізгі бағыттар мен міндеттер айқындалған. Тұжырымдамада медициналық ақпараттық жүйелердің интеграциясын қамтамасыз ету, ұлттық электрондық денсаулық паспорттарын қалыптастыру, смарт жүйелер мен роботталған технологияларды енгізу және басқа да цифрлық бастамаларды іске асыру жоспарланған.

Медицинада роботтарды пайдалану артықшылықтары

Медицинадағы роботтар – ота жасау үшін ғана емес, сондай-ақ пациент күтімі, дәрі-дәрмек жеткізу, реабилитация процестерін автоматтандыруда қолданылады.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, қолданыста төмендегідей түрлері бар.

- Da Vinci Surgical System – роботтандырылған хирургия саласындағы ең танымал жүйе. АҚШ, Германия, Жапония сынды елдерде жиі пайдаланылады.

-TUG роботтары – ауруханаларда дәрі-дәрмектерді, құжаттарды тасымалдауға арналған.

- ReWalk Robotics – қимыл-тірек жүйесі бұзылған адамдардың қозғалуын қамтамасыз ететін экзоскелеттер.

Қазақстанда роботтарды медициналық мақсатта пайдалану енді ғана қарқын алып келеді. Мәселен, 2022 жылы Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық аурухана алғаш рет Stryker компаниясының робот-ассистенті көмегімен буын алмастыру операцияларын жүргізе бастады. Бұл технологияның көмегімен 100-ден астам операция сәтті орындалды. Операциялар барысында робот алдын ала 3D-пландау жасап, импланттың өлшемі мен орнын дәл анықтады. Бұл операцияның дәлдігін 1 мм-ге дейін арттырады. Нәтижесінде жұмсақ тіндердің сақталуы, буынның табиғи қозғалысы мен оңалту кезеңінің жылдамдығы жақсарады.

Astana Hub технопаркіне қатысушы стартаптардың бірі – MedBot KZ жобасы науқас бөлмесіне дәрі-дәрмек пен тамақ жеткізуді автоматтандырады. Бұл жоба Astana Hub-тың денсаулық сақтау саласындағы Pitch Day іс-шарасында ұсынылған. Pitch Day барысында 11 IT-стартап өз жобаларын таныстырған болатын. 

Astana IT University базасында жасанды интеллектке негізделген медициналық шешімдер әзірленуде, олардың бірі – жүрек ауруларын болжауға арналған алгоритм.

2023 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі цифрландыруға 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Оның бір бөлігі ауруханаларда смарт жүйелер мен роботтарды енгізуге бағытталған еді.

Рас, жасанды интеллект пен роботтандыру – медицинадағы нағыз төңкеріс. Бұл технологиялар әлемде ғана емес, Қазақстанда да біртіндеп дамып келеді. Әрине, әлі де кедергілер бар: қаржыландыру, мамандардың жетіспеушілігі, технологияларды меңгеру, тағысын тағы. Бірақ бүгінгі қарқынмен алдағы жылдары еліміздің медицинасы жаңа белестерге шығатыны сөзсіз. Болашақ медицина – технологиямен үндес, тиімді әрі қауіпсіз болмақ. Ең бастысы – бұл технологиялар дәрігердің орнын басу үшін емес, оған көмекші құрал ретінде қолданылуы керек. Болашақ медицина адам мен машинаның үйлесімді серіктестігіне негізделетініне сенім зор.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға