Жаңалықтар

Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруға қатысты құжат мақұлданды

Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруға қатысты құжат мақұлданды
Фото: El.kz 21.12.2022 11:39 3953

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды  El.kz ақпараттық агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Атап айтқанда, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 270-бабында медициналық көмек көрсету кезінде пациенттің өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілген жағдайда, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру құқығы заңнамалық түрде бекітілген. Осы енгізіліп отырған заң жобасында медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жүйесін кезең-кезеңімен енгізу тетігі мен жолдары қаралған. Нәтижесінде, медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Заң жобасын дайындау барысында министрлік медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың дүниежүзіндегі түрлі нұсқаларына талдау жүргізді», - деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният.

Оның айтуынша, халықаралық тәжірибеде медицина қызметкерлерін қорғау үшін қорлар мен қауымдастықтар (Швеция, Канада, Дания) құру арқылы, сондай-ақ жеке нарықтар (АҚШ, Германия, Жапония, Түркия) арқылы кәсіптік жауапкершілікті міндетті сақтандыру жүйесі қолданылады. Өзінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру міндеті медицина қызметкерлеріне немесе денсаулық сақтау ұйымдарына жүктелген. Жоғарыда айтылған халықаралық тәжірибенің негізінде қазақстандық қоғамның дамуын ескеріп, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың оңтайлы тетігі ретінде АҚШ, Германия, Жапония және Түркия модельдері бойынша сақтандырудың бейімделген нарықтық моделі ұсынылып отыр. Осы орайда қолданыстағы сақтандыру компаниялары арқылы, сондай-ақ дауларды сотқа дейінгі реттеу жолымен іске асырылмақ.

«Қазір барлық медициналық ұйымдарда пациенттерді қолдау қызметін ашып жатырмыз. Осы модельге сәйкес, пациенттерді қолдау қызметі шағымды қарау кезінде арнайы комиссияны, сарапшылар мен мүдделі тараптарды тартып, медиация элементтерін қолданып, жүзеге асыратын болады. Бұл кезеңде мәселе медициналық ұйымның өзінде реттелуі мүмкін. Пациент аталған қызметтің немесе комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда, шағымға қатысты сараптамалық қорытынды беру үшін бұл мәселе Денсаулық сақтау министірлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінде қаралатын болады. Кемшіліктер дәлелденген жағдайда, шағым бойынша материалдар, оның ішінде сот-медициналық сараптаманың қорытындысы медициналық ұйым сақтандырылған компанияға беріледі», - деді министр.

Оның айтуынша, науқасқа келтірілген зиян үшін өтемақы төлеуді сақтандыру компаниясы жүргізеді. Төлемнен бас тартқан жағдайда, науқас сотқа жүгінуге құқылы.

Сақтандыру жарнасының сомасы қауіп дәрежесіне қарай бекітілген актуарлық есептеулердің негізінде айқындалады. Бұл тұрғыда медицина қызметкерінің жауапкершілік дәрежесі ескеріледі.

«Бұл жоба пациенттердің құқығын қорғау, медицина қызметкерлерінің кәсіптік қауіптерін азайту мақсатында денсаулық сақтау саласындағы жаңа бағыт болып отыр. Соған байланысты осы құжатты қабылдаудың уақыты келді деп есептейміз», - деді ведомство басшысы.

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мәліметінше, заң жобасында медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруды енгізу көзделген. Мәселен, Денсаулық сақтау субъектілері медицина қызметкерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартын жасасуға міндетті болады деп жоспарланған. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру тәртібі медицина қызметкерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың үлгілік шарты негізінде тараптардың келісімімен айқындалатын болады.

Заң жобасында сақтандыру жарналарының ең төменгі мөлшері айқындалған. Бұл ретте, 2025 жылдан бастап кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру жарналары денсаулық сақтау субъектісі мен медицина қызметкері арасында тең үлесте жүзеге асырылады деп болжанып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға