Жаңалықтар

Медиаторлар дәрігерлерге емделушімен әңгімені таспаға түсіруді ұсынады

Медиаторлар дәрігерлерге емделушімен әңгімені таспаға түсіруді ұсынады
25.12.2019 11:58 3321

Елордалық Достық үйінде «Медиация: Ымырадан - келісімге» тақырыбында қоғамдық медиаторларға арналған шолулық семинар – тренинг өтті. Аталмыш шараға ««Concordia» Денсаулық сақтау және білім берудегі медиаторлар одағы» қоғамдық бірлестігі мен медиаторлар қатысты.

Медиаторлар бірлестігі денсаулық сақтау саласындағы медиаторлықты дау-жанжалдың алдын алудың, ерегесті реттеудің сотқа дейінгі баламалы құралы ретінде ұсынуда. «Медициналық мекемелерде медиация кабинеттерін ашу және дәрігерлердің, медицина қызмекерлерінің медиация дағдыларын игеруі азаматтарға медициналық көмек көрсету кезінде туындаған дау-жанжал мен қайшылықтарды жедел шешуге көмектеседі», - дейді медицина саласында медиаторлықты дамыту мәселесін қозағаған денсаулық сақтау кадрларының дипломнан кейінгі білім беру академиясының ректоры, кәсіби медиатор Айгүл Муятдинова.

Соңғы жылдары медицина саласында дәрігерлердің кәсіби біліктілігі мен көрсетілетін қызмет сапасына қатысты сын-пікірлердің көбейіп кеткендігі жасырын емес. Мамандардың айтуынша, елімізде жыл сайын медицина қызметкерлеріне қатысты 600-800-ге жуық қылмыстық, 300-ге жуық әкімшілік құқықбұзушылық іс қозғалады.

Медиаторлар дәрігерлерге емделушімен әңгімені таспаға түсіруді ұсынады

Сондай-ақ, мамандар алдағы уақытта саланың реформалануы, яғни бюджеттік қаржыландырудан міндетті медициналық сақтандыруға көшуі тұрғындардың сапалы және уақытылы медициналық қызметке деген талабын күшейтіп қана қоймай, келер жылы пацинеттермен қатар медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға байланысты мәселенің өзектілігін арттыруы мүмкін дейді.

Сарапшылардың дегеніне сүйенсек, медицина саласындағы арыз-шағым 25 пайызға артқан. Соның ішінде емделушілердің 90 пайызы ақ халаттылардың немқұрайлылығына шағымданады. Егер «тыңдайтын құлақ болса», шағымданушылардың басым бөлігінің мәселесін істі насырға шапқызып, сотқа дейін жеткізбей, мәселені түсіндіру арқылы шешуге болады дейді медиаторлар. Саладағы сын-пікірлерді сарапқа салған мамандардың айтуынша, мәселенің 95 пайызы жұмыстың дұрыс ұйымдастырылмауынан орын алған. Сондай-ақ, бұған медицина қызметкерлеріне қатысты жекелеген емделушілер тарапынан жағымсыз ақпараттардың әлеуметтік желілер арқылы тез таратылуы және желі қолданушыларынан қолдау табуы да себеп.

Көптеген елдердің тәжірибесі дәрігерлерді жазалау арқылы нәтижеге қол жеткізуге болмайтындығын дәлелдеді. Бұл айналып келгенде, бюджеттік медициналық мекемелерде маман тұрақсыздығына, мамандардың қандай да бір емдеу тәсілдеріне байланысты өз шешіміне күдікпен қарауына, салдарынан орны толмас қателіктердің жіберілуіне, ал мұның емделушілер үшін де жайсыздық пен сын-қатер тудыруына, «емделуші – медицина қызметкері» қайшылығының тереңдеуіне алып келеді.

«Медиация – терапия емес, ол тіпті психологиялық, заңгерлік кеңес беру емес. Бұл делдал болу арқылы тараптар арасындағы қарама-қайшылықты медиаторлықпен шешу. Мен Қарағанды қаласындағы ауруханалардың бірінде кәсіби медиатор болып қызмет етемін. Медиация кабинетін ашқалы бері, кикілжіндер 30 пайызға азайды», - дейді медицина ғылымдарының докторы, профессор, кәсіби медиатор, жаттықтырушы Сәуле Кабиева. Ол медициналық құрамның жауапкершілігін арттыру үшін ұжымның жұмысын дұрыс бағытта үйлестіру керек деді. Ол үшін медицина мамандарына емделушінің ұстанымын тұлға ретінде құрметтеуді, ауруханаға қайта түскендердің психологиялық жағдайын ескеруді, қарым-қатынас, сөйлеу мәдениетін көтеруді, өзін қорғау үшін әңгімелесу барысында диктофон, видеотаспаны пайдалануды ұсынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға