Жаңалықтар

Медиа нарық және бизнес

«Сырласу» ЖШС директоры Кәмшат Әкімқожақызымен сұхбат
Медиа нарық және бизнес
12.04.2017 08:45 8118

Жылтыр мұқабалы, гламур өмір мен талғам биігіне негізделген қазақтілді жалғыз ғана журнал бар. Мұндай журналды шығару оңай емес, сондықтан ашылып, қайта жабылып қалып жатқандар болды. Әрине еуростандартқа сәйкес келетін жылтыр мұқабалы журналдардың еліміз бойынша біреу ғана болуы – мақтаныш емес. Дүңгіршектерде толып тұрған көрші елдің жылтыр-өніміне үңілуге тура келетін кездер көп. Сонымен жылтыр мұқаба деген не, оның басқа басылымнан айырмашылығы мен машақаты қандай осы жөніндегі «Сырласу» ЖШС директоры Кәмшат Әкімқожақызымен болған сұқбатымызды ұсынамыз.

Неге кәсіптің осы саласын таңдадыңыз?

– Ең алдымен кәсіптің бұл түрін, яғни, баспа ісін таңдауыма себеп – өз ісіме, өз кәсібіме деген махаббат дер едім. Себебі 5 жыл бұрын телевизия саласынан баспа ісіне келіп, әйелдерге арналған журналды басынан бастап жасағандықтан, ыстығына күйіп, суығына тоңған соң, «Сырласу» журналы құдды менің бір балам сияқты.  Осы журналды тек баспасөз құралы деп қана емес, бизнес көзі жасау үшін қаншама тер төгілді, қаншама ұйқысыз таңдар атты. Менің жеке пікірім – қандай бизнес ашсаң да оған ең алдымен бизнес деп емес, сүйікті ісім деп қарау керек сияқты. Сонда ғана ол кәсіп өз жемісін береріне сенімдімін.

Оған қоса жалпы қазақстандық медиа нарықтағы қазақтілді мерзімді басылымдарға деген көзқарасты өзгерткім келді. Неге бізде жылтыр мұқабалы журналдар жоқтың қасы? Глянец форматты біз тек орыстілді басылымдар деп қабылдауымыз керек пе? Міне, осы мәселелер менің өз кәсібімді ашуыма түрткі болды. Әрине, журнал ісін бизнеске айналдыру үшін оңтайлы уақытты таңдамағаным анық. Бірақ барлығын уақытқа итеріп, істі кейінге шегеруге болмайды.

Ғаламторға телмірген дәуірде басылымға бағытталған бизнестің болашағы қалай болмақ?

– Ғаламтор – әлемдік тренд. Трендтің ғұмыры аса ұзақ емес. Ал, классика – мәңгілік. Ол ешқашан өлмейді. Қанша адам болса сонша пікір бар емес пе?! Меніңше – басылым көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын дүние болғандықтан ол – классика. Мейлі қаншалықты  ғаламтор деңдеп бара жатса да, басылымды қолымен ұстап, оқығысы келетін жандар да баршылық. Сол себептен басылымдар ешқашан түбегейлі жоғалып кетпейді. Ғаламтор әлдеқашан дендеген Еуропа елдерінде сонау өткен ғасырдың 30- жылдары ашылған Vogue, Harper's Bazaar журналдары әлі күнге жарыққа шығып келеді. Не себепті? Өйткені, журналдың өз оқырманы бар.

Әрине, нарық өз дегенін істейді және нарықта  басылымдар енді іріктеліп, тек ең сапалысы ғана қалады. Ал, біз солардың қатарындамыз деп нық айта аламын. Өйткені, дәл қазіргі таңда қазақтілді жылтыр журнал жалғыз. Ол – «Сырласу».

Жылтыр мұқабалы( глянец) журналдың өзге басылымдардан басты айырмашылығы қандай?

– Жылтыр мұқабалы журналдың ең басты ерекшелігі – сапасында, әрлеу ісінде. Өзге журналдар туралы ештеңе айта алмайтын. Ал, өзімнің журналыма келер болсам – біздің мамандар АҚШ-та еуропалық стандартқа сай журнал әрлеу ісін арнайы оқып келген. Мұның өзі жалғыз қазақтілді глянец журналды үздік етіп жасау үшін жасалған шара. Оған қоса біздің елде журнал әрлеу ісінде сапалы әрі авторлық құқығы қорғалған суреттерді қолдану жолға қойылмаған. Тіпті Ресей мен АҚШ-тағы сияқты арнайы фотобанкіміз де жоқ. Сондықтан біз қаржылай қиын болса да әлемдік фотобанктен суреттерді сатып алып қана журналымызды әрлейміз. Міне, басты ерекшелігіміз осында.

Нарықтағы басқа басылымдардан сіздерді айырықша етіп тұратын маңызды детальді атаңызшы?

– Ең алдымен бізді ерекшелейтін тұсын жоғарыда атап өттім. Одан бөлек біздің журналды кәсіби журналист-филологтармен қатар, арнайы мамандар жүргізеді. Әр айдардың өз маманы бар. Мәселен, «денсаулық» айдарын  әйелдер дәрігері, «балалар» айдарын педиатр, «сұлулық» айдарын визажист және дерматокосметолог, «ас мәзірі» айдарын бас аспаздар жүргізеді. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген қағида бар емес пе, сол себепті біз өз оқырманымызға тек тексерілген әрі кәсіби кеңестер ғана беруге тырысамыз.

Неге қазақтілді глянецтер ашылды да, ұзаққа бармай жабылып отырды?

– Ең басты себеп – бизнес-концептінің, стратегияның дұрыс жазылмауында деп білемін. Кез келген кәсіпті дөңгелетіп әкету үшін тек ақша салу аздық етеді. Алдымен аудиторияны тауып алу қажет. Аудиторияның портретін анықтау шарт. Бір сөзбен айтқанда – маркетингтік зерттеу жасалуы тиіс. Одан кейінгі себеп – қаржының басына жетіп, соңына жетпей қалуында. Жалпы мерзімді басылымдар таратудан пайда таппайды. Ішкі контентін сату қажет. Біздің қазақтілді басылымдар жарнама сату ісін бір жолға қоймаған. Ал, «Сырласу» әлемдік алпауыт компаниялармен тығыз байланыс орнатқан. Жарнама беру үшін көп компаниялар өздері іздеп келеді. Бұл қазақстандық медиа нарық қазақтілді сапалы мерзімді басылымдарға зәру екендігін білдіреді. Көп компаниялар маркетинг саласына арнайы қаржы бөледі және олар жарнама беруге дайын. Тек жарнама беретін алаң қажет. Сол себепті қазақтілді басылымдар ең алдымен сапалы өнім ұсынуды және жарнама сату ісін жолға қойған кезде ғана ғұмыры ұзақ болмақ.

Кәсіпкерлікпен айналысуда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының көмегіне жүгіндіңіз бе?

– Әрине. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен мен жарты жыл бұрын таныстым. Сол уақыт аралығынада бір емес, бірнеше рет олардың көмегіне жүгініп, заңгерлік әрі маркетингтік көмек алдым. Қазір мемлекет тарапынан жас кәсіпкерлерге, яғни шағын және орта бизнес өкілдеріне көп көмек көрсетілуде. Бір «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өзі орасан жұмыс атқарып отыр. Мысалы кез келген шағын және орта бизнес өкілі палатаға келіп, арнайы келісімшарт жасасқан соң бухгалтерияны жүргізу ісін, заңгер, маркетолог, IT мамандардың қызметін тегін ала алады. Қала берді салық органдарына сіз үшін есеп беру, сотқа жүгініп жатсаңыз қорғаушы әрі заңгер қызметін де палатадан ала аласыз. Алғашқы бизнес-жоспар жасау, сайт ашудың өзін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасынан алуға болады. Тағы да қайталап айта өтейін – мұның барлығы мемлекеттің қаржысымен, яғни сіз үшін тегін көрсетіледі. Бұл жас кәсіпкер үшін орасан көмек емес пе?!  Жеке өз басым палатаның көмегімен жас кәсіпкерлер үшін ұйымдастырылған Алматы қалалық әкімдігінің арнайы грантына да қатысып үлгердім. Апта сайын палата қабырғасында ұйымдастырылған бухгалтерия, сайт жасау ісі, маркетингтік талдау жасау сынды арнайы сабақтарға барып, қатысып жүрмін. «Бизнес кеңесші», «Бизнес өсім» атты тегін тренингтерді де тәмамдадым.

Кәсіпкер ханым болған қиын ба?

– Оңай деп айта алмаймын. Кәсіпкер – өз кәсібіне ғана емес, кәсіпорында істейтін әрбір маман үшін жауапты. Жұмыскер мен кәсіпкердің айырмашылығы – жұмыскердің 8 сағаттық жұмыс күні бар, жұмыс уақытынан тыс бос адам. Ал, кәсіпкер тәулік бойы кәсібін қалай өркендетсем, қалай дамытсам деген оймен жүретін адам. Алайда, қиындықтың да өз қызығы, өз артықшылығы бар.

Кәсіп ашқысы келетін сіңілілеріңізге қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы – армандарыңызға сеніңіз. Қорқынышқа бой алдырмаңыз. Кәсіп ашамын деген мақсат қойсаңыз, ешқашан одан бас тартпаңыз. Себебі жеке кәсіп иесі болу – тәуелсіз болу. Тек, есебіңіз түгел болсын. Мемлекет ұсынған көмектен құр қалмаңыз. Ал ол үшін ең алдымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына мүше болған еш артық етпейді.

Түк жоқтан бар жасап, бизнес ашуға бола ма?

– Қалауын тапса қар жанар. «Алпауыт бизнес ашасыз» деп айта алмаймын, бірақ кішігірім табыс көзін жасап, бизнес ашуға әбден болады. Оны сәл көркейткен соң, кәсіпті үлкейтуге әбден болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Алдыңғы жаңалық
Тұңғыш ғарышкер