Жаңалықтар

Медиа подкастты қажет етеді - Елдар Құдайбергенов

Подкастер болу үшін диктофон болса жеткілікті
Медиа подкастты қажет етеді - Елдар Құдайбергенов
Фото: lpgenerator.ru 02.02.2023 19:30 1876

Жаңа медиада белең алып жатқан жаңаша бір бағыт – подкаст. Ол музыка, фильм, әдебиет және тағы да басқа мазмұн санатына немесе түріне жатады. Бірақ оны журналистика жанры ретінде қабылдап, журналисттердің өзі сұхбатпен шатастырып жүргендері бар. Бұл туралы кәсіби подкастер Елдар Құдайбергенов El.kz ақпараттық агенттігіне берген сұхбатында тереңінен айтып берді.

Бір жыл бұрын орын алғын қаңтар оқиғасы кезінде Елдар отбасымен әуежайда болған. Сол жердегі оқиғалар диктофонға жазылып қалған. Бүгінде подкастер жинақтай келе нарратив жанрында «Қаңтар үні» атты аудиоподкаст дайындаған. Эмоцияға толы аудиожазба кез келген тыңдарманды алаңдатпай қоймайды.

- Былтыр 5 қаңтар күні Алматы әуежайын топырлаған адам “басып алған” кезде біз отбасымызбен соның ішінде болғанбыз. Сол күні не көрдік, қандай хаостың куәсі болдық, такси, әуежай қызметкерлері мен әуежайды басып кірген адамдардың әңгімесі, бәрі подкастта бар. Өзіміз бастан өткергеннен кейін қорқыныш сезімі басым болды. Осы арқылы сол күні болған шындықты халыққа ашып естірте алдым деген сенімдемін.

- Қазақстандықтар подкаст тыңдайды ма? Менің ортамда аудиоподкаст тыңдайтын жандар өте аз.

- Қазақстанда аудиоподкаст тыңдайтын үлкен аудитория бар. «Қаңтар үні» подкастының бірінші эпизодын бір күнге жетпей мыңнан астам адам тыңдады. Тыңдалым саны әлі де өсіп жатыр. Мұнда ең бастысы тыңдарманды тыңдата білу керек. Сапалы дүние кімге ұнамайды.

Менің байқағаным, әдетте подкастиңді сөйлесу жанры деп ойлайтындар – подкаст тыңдамайтындар. Олар подкаст дегенді тек ютубтан ғана көрген. Ютубта көбіне әңгіме жанрындағы подкасттар жарияланғандықтан, олар да тура сондай форматта, сондай жанрда подкаст жасайды. Яғни, олар подкасттың басқа түрін «көрмеген». Сондықтан, мен үшін ол кісілер подкастиң деген контентті тарату технологиясы екенін білмеуі таңғаларлық жайт емес.

- Білуімізше журналист емессіз. Бұл бағытқа қалай келдіңіз?

-Негізгі мамандығым бойынша бағдарламашы және заңгермін. Бастапқыда хоббиім болған подкастиң, қазір 3 жылдан аса менің күнделікті ісіме айналды. Осы саламен айналысып бастаудың өзі үлкен бір ізденісті талап етті. Сұхбаттан айырмашылығы неде деген сұрақ бірінші кезекте болды әрине.  Айырмашылығы функциясында десек болады. Кез келген сұхбат, видео, аудио подкаст бола алмайды. Ол міндетті түрде RSS арнасы арқылы таралуы қажет. Бірақ қазір көбісі дерлік сұхбатқа подкаст деген атау беріп желілерге жүктей береді. Қазіргі менің мақсатым біздің елде осы бағытты кеңінен таратып, үйрету.

- Бұрыннан бар дүние болса дағы, қоғам арасында сұранысқа енді ғана ие болып жатқан подкасттың бүгіні қалай өрбіп жатыр?

- Мазмұнды тарату технологиясы деп қарастырсақ болады. Подкаст – шынайылықты насихаттайды. Аудио-бейне мазмұнын тарату, жеткізу технологиясы және подкаст әртүрлі жанрларда жасалуы мүмкін. Мысалға:

 - Жаңалықтар: Саясат, әлемдік оқиғалар және соңғы жаңалықтар сияқты жаңалықтар мен ағымдағы оқиғаларды қамтитын подкасттар;

- Білім беру: дәрістер, сабақтар және әртүрлі салалардағы сарапшылармен сұхбаттар сияқты білім беру мазмұнын ұсыну;

- Әңгімелер: ойдан шығарылған әңгімелер, нақты қылмыстар және жеке әңгімелер сияқты әңгімелеу форматындағы подкасттар;

- Ғылым және технология: ғылыми зерттеулер мен технологиялық жетістіктерді талқылайтын подкасттар, соның ішінде осы саладағы сарапшылармен сұхбат.

- Кез келген жандан подкаст жасауға болады. Ал кез келген адамнан подкастер жасауға болады ма?

- Әрине, диктофоны бар азамат өзінің подкастын жүргізе алады. Ол міндетті түрде диалог болу керек деген заңдылық жоқ. Сабақ аларлық немесе барлығының талқылауында болып жатқан дүниелерді қозғайтын болса, тыңдарман табылады. Ең бастысы подкастты өзінің талабына сай жүктеу қажет.

Студент кезіңізден бастап өз салаңызға байланысты жеке подкаст бастаңыз. Ол жерге айына кемінде бір эпизод жариялап отырыңыз. Подкаст алғашында монолог болуы мүмкін, кейін сізбен бірге оқитын студенттерді, мұғалімдерді де шақырып, салып отыруға болады.

Бұл подкастта өзіңіз жаңадан үйренген нәрселерден бастап, жалпы журналистика саласына қатысты барлық мәселелерді тізіп шығуға болады. Оқуды тәмамдағанша бірталай материал жиналады. Сосын бұл подкаст жұмысқа тұрған кезде сізге басқа талапкерлер алдында басымдық болары сөзсіз.

- Тегін курстар өткізіп, подкастерлер дайындап жүр екенсіз. Алға қойған мақсатыңыз қандай?

- Қазақстанда подкасттың дамып жатқаны көңіл қуантады. Бірақ соның дұрыс бағытта болса деген ниетпен осы жұмысты бастадым. Қазір көптеген медиа адамдарды шатастырып жатыр. Олардың подкаст деп берген әңгімелері подкаст емес. Менің мақсатым оларды жамандау емес, тек дұрыс жағынан контент жасауға көмектесу.

Сұхбатыңызға рахмет! 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға