Жаңалықтар

Медеу атауы қалай қойылған?

Медеу деген кім?
Медеу атауы қалай қойылған?
10.05.2017 11:11 22754

Медеу мен Көктөбе. Бұл екі ұғым Алматы шаһарының эпитеті. Бәлкім қала тұрғындары құнттай бермейтін болар, ал меймандар осы екі көрнекті мекенді бір шолып өтуді мақсат санайды. Көктөбенің  атына артық ойланып жатудың қажеті шамалы.  Ал Медеудің атына байланысты ойлануға болады. Шынымен талай әлемдік  рекордтардың жаңаруына куә болған Медеу мұз айдынының аты неге олай қойылған?

Оның тарихына үңілу үшін 3 жүз жылдықты  артқа тастап, XIX ғарыдан бірақ шығу керек. 1850 жылы  Кіші Алматы, сол кездегі Верный қаласында Медеу Пұсырманұлы дүниеге келеді. Бір деректерде оның әкесі Пұсырман батыр болған деп көрсетіледі. Ал Медеу өз заманының элитасына кірген тұлға болған. XIX ғасырдың 2- жартысында ол  болыс, қазақтан шыққан ірі жер иеленушілердің бірі болған. Орта Азия мен Солтүстік Қазақстан қалаларына шикізат өнімдерін саудалау арқылы дәулеттілер қатарына қосылған. Бүгінгі заманның тілімен айтқанда ол мықты бизнесмен болған. Ықпалды адам болғаны сонша – Жетісу аймағының генерал губернаторы Г. Колпаковский, сәулетші А.Зенков, ботаник ғалым Э.Баум сынды адамдармен тығыз байланыс жүргізген. Алматы қаласының құрылысы мен сәулетіне де өзіндік үлес қосқан. Медеу 1898-99 жылдар аралығында Кіші Алматы өзенінің  жоғарғы сағасындағы Кімасар деген жерге ағаштан 5 бөлмелі үй салдырады. Бұл жерді тұрғылықты халық Медеудің қыстауы деп атайтын. 1920 жылы комиссар–жазушы  Д. А. Фурманов Медеудің 5 бөлмелі ағаш үйін демалыс аймағына айналдыруға қол қояды. Оны Медеудің атымен атағанды құп көреді. Ол үй бұған дейін орман мектебіне айналып үлгерген еді.  Әрине, ол кезде Медеу жарық дүниеден өтіп кеткен болатын. ХХ  ғасырдың бастапқы жылдары Верный қаласында 27 мың адам тұрып,  Медеуге алып баратын жалғыз көше болған деседі. Ол көше генерал Колпаковскийдің атымен аталған. 

Бүгінгі Тәуелсіздік кезеңінде ол көше Достық даңғылы деп аталады.  Верный қаласында ашылған ерлер  гимназисында сол кезде 226 адам оқыпты. Оның 22-сі ғана қазақ екен. Сол қазақ балаларының білім алып,  дәл сол оқу орынына түсуіне Медеу Пұсырманұлының тікелей  ықпалы болған. Ол 1904 жылы Петербор арқылы Меккеге барып қажы атанады. Ал 1908 жылы қан қысымының көтерілуіне байланысты өз үйінде қайтыс болады. Оның беделі мен қазақ балаларының білім алуына қосқан үлесі, елді отырықшыландыруға қатысты атқарған әрекеттері хақында Жамбыл Жабаев үнемі айтып отыратын болған. Алматыдағы Медеу тау шатқалындағы қонақжай мекеннің аз-кем тарихы осындай.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға