Жаңалықтар

Меңдеке батыр

Меңдеке батыр Байжігітұлы шамамен ХVІІІ ғасырдың орта кезінде туып, ХІХ ғасырдың бас кезінде дүниеден өтсе керек.
28.07.2014 10:14 7261

Меңдеке батыр Байжігітұлы шамамен ХVІІІ ғасырдың орта кезінде туып, ХІХ ғасырдың бас кезінде дүниеден өтсе керек. Өйткені, оның үлкен ұлы белгілі Шәңкі шешен 1811 жылы туған деп жазылып жүр. Шәңкіден кейін туған Арқай, Шоқай, Шауыпкел, Батырақ, Меңдібай, Белгібай есімді балалары болған. Соған қарағанда Меңдеке батыр шамамен 1750 жылдары туып, 1820 жылдары дүние салды деуге болады. Жас шамасына қарағанда ол Абылай ханның қалмақтармен және қытайлармен  соңғы  соғыстарына  қатысқан.  Ел аузындағы бір аңызға қарағанда ол ел, жері үшін, Отаны үшін соғыста шәһит болған. Оның сарбаз жолдастары батырды өзінің қару­жарағымен қоса жерлеп, моласының үстінен биік қорған жасаған (оба).

Екінші бір аңыз бойынша, қорғанның (обаның) астында көрші тайпалардың өзара таласын тоқтатамын деп жүргенде жараланып қаза тапқан батыр жатыр делінген.

Қазіргі Қостанай облысының Урицкий ауданында тұратын батырдың ұрпақтарының айтуы бойынша, ХVІІІ ғасырдың екінші жартысында ру­тайпалардың мал жайлайтын жерлерге таласы кезінде Меңдеке батыр өз жерін Алдай, Ақсуат Керейлерден қорғап жүргенде мерт болған көрінеді. Өлерінің алдында батыр өзінің денесін Қанжығалы мен Алдай­Ақсуат руларының шекарасында жерлеуді өсиет етіп тапсырыпты. Ондағы айтқаны рулар осы шекараны сақтап, бір­бірімен қақтығыспай бейбіт, тату болсын деген екен. Оның бұл өсиеті ұрпақтан­ұрпаққа тарап, әлі күнге ұмытылмай, ел жадында сақталып келеді.

Батырдың сүйегі жатқан жер Тимирязев ауданындағы Ақжан селолық округіне қарасты Приозерное селосынан 3 км жерде. Көпке дейін ол жерде кімнің мәйіті жатқанын ешкім білмеген. Тың игеру кезінде сырттан келген тың игерушілер сол маңайдағы жерді жыртып жүріп зираттың шетіне келіп, оны да жыртқалы жатқанда жергілікті Ақжан селосының байырғы тұрғыны агроном Иван Яковлевич Дроконов оларды тоқтатып: «Бұл ескі зират қой, әне бір белгі тас та тұр, қазір мен  қариялардан  білейін»,  деп  тракторларды  бұрғызып жібереді. Содан селодан бір­екі қарт кісілерді әкеліп, тастағы өшіріліп бара жатқан жазуды оқып, бұл жерде жатқан Меңдеке батыр екенін білді. Кейін мұны естіп Урицкийден Меңдеке батырдың  туыстары  келіп,  зиратты  қоршап,  құлпытасын түзеп, жөндеп, көрнекті етіп қояды. Содан кейін сол кездегі Приозерное   селолық   округінің   әкімі   Байдалина   Сайран Қабикенқызы 2001 жылғы 5 қазан күні Меңдеке батырдың зиратын тарихи ескерткіш ретінде заңды түрде қорғауға алады. 2007 жылғы 29 маусым күні Меңдеке батырдың басына қызыл кірпіштен арнайы кесене салу жұмысы басталды. Оны салуды қолға алған батырдың кейінгі туыстары – ағайынды Баталовтар. Кесененің жобасын жасағандар – алматылық архитекторлар. Ал батырдың туған елінде, Урицкий ауданында (Сарыкөлде), батырға арналып ас беріліп, дұға бағышталды. Оған мыңға жуық адам қатысты. Сөйтіп көптен ұмыт қалған батыр халқына қайта оралды.

Ал батырдың шежіресі бойынша ұрпақтары мынадай: Бай­ жігіттен – Меңдеке. Меңдекеден 7 бала: Шәңкі, Арқай, Шоқай, Шауыпкел, Батырақ, Меңдібай, Белгібай. Шәңкіден – Төкіш, Тұрлыбек, Сарыбек. Шоқайдан – Баймағамбет, Әбен. Баймағамбеттен 6 бала: Ахметжан, Әбітжан, Мырзахмет, Рамазан, Дүйсенбі, Ғалым. Ғалымнан – Амантай, Ғабиден, Аманбай. Бұл деректерді 2002 жылы 7 қыркүйекте Қостанайдан келген Меңдеке батырдың ұрпақтарынан көп жыл Ақжан мектебінің директоры болған, қазір зейнеткер, сол селоның тұрғыны Серікбай Ақанов жазып алыпты.

Меңдеке батырдың ұлы Шәңкі шешен бір өлеңінде әкесі туралы былай депті:

Он жеті жаста әкеміз

Жасанған жауды түсіріп,

Астынан тұлпар ат алды.

Үйірлеп жылқы айырып,

Жаудың бетін қайырып,

Атақты батыр атанды.

«Есімдері ел есінде», құрастырған Абай Тасболатов

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға