Жаңалықтар

Мәжілісте қоғамдық бақылау туралы заң талқыланды

Мәжілісте қоғамдық бақылау туралы заң талқыланды
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 27.04.2023 17:52 1193

Мәжілістің дөңгелек отырысында қоғамдық бақылау туралы заң талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Заң жобасы бірінші оқылымнан өткен екен. Екінші оқылымға шығармай отырып, заң жобасы тағы бір талқыға түсті. Бұл ретте депутат Еділ Жаңбыршин мұның өте өзекті заң екенін тілге тиек етті.

Мемлекет басшысы мемлекетті басқаруға халықты араластыру керек деп айтты. Халық өзінің өкілеттерін мәслихат, Парламентке сайлайды. Бірақ бұл депутаттардың бүкіл мәселені араласып шешуіне күші жетпей жатады. Сондықтан қоғам болып осы мәселеге тікелей араласу қажет. Әсіресе мемлекет басқаруға және елдегі өзекті мәселелерге қоғамдық бақылауды жан-жақты араластыру керек. Болашақта қабылданғалы отырған аталған заң жобасының негізгі философиясы осы деп ойлаймын. Жаңа айтып отырған ұсыныстарға біз бастамашыл болдық, – дейді депутат.

Сондай-ақ мәжілісмен әскерилерді тексеру, «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорын, экологияны бақылау деген сияқты бірқатар мәселені көтеріп, ұсыныс білдіргенін айтты.

Халықпен кездескен кезде бұл мәселе бізге де айтылды. Мен 7-шақырылымда осыған қатысты бастама көтердім. Депутаттар, үкіметтік емес ұйымдар да қолдады. Бұл бүгінгі қоғамның талабы. Оны қанша жасырамыз десе де, сорпаның бетіне шығып тұрған мәселелер. Ұсыныстың осы күнге дейін жетіп, кестеден түсіп қалмай, өміршең болып тұрғанына қуандым. Бірауыздан қолдады, – деді.

Аталған заң бойынша депутат тағы бір ұсыныс білдірді.

Заңды қабылдағаннан кейін заң астындағы нормативтік құқықтық актілер қабылданады. Сол жерде қате кетіп қалмауы керек. Ертең біз заңды әдемілеп жазамыз, бірақ министрлік өздеріне ыңғайлы етіп бұрып жіберетін болса, мына заң жұмыс істемей қалады. Сол себепті осы актілердің бәрін сүзгіден өткізіп, министрліктер бізбен бірге жұмыс істесін. Оны біз де қарай отырайық, – деді Жаңбыршин.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға