Жаңалықтар

Мәжілісте «Мемлекеттік сатып алу» туралы заң жобасы таныстырылды

Мәжілісте «Мемлекеттік сатып алу» туралы заң жобасы таныстырылды
Фото: © Pixabay.com 13.11.2023 16:15 757

Мәжілісте «Мемлекеттік сатып алу» туралы заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Қаржы вице-министрі Даурен Кеңбеилдің сөзінше, заң жобасы сатып алу процесін жеңілдетуге, қысқартуға және бағадан сапаның басымдығын қамтамасыз етеді.

Заң бойынша сатып алу процесін камералдық бақылау жүйесі сақталады. Бұл ретте уәкілетті орган тарапынан сатып алу қорытындыларының күшін жою құқығын алып тастау ұсынылады. Сатып алу рәсімдерінің созылып кетуін болдырмау мақсатында қорытындыларды қайта қарау жөніндегі функция сатып алуды ұйымдастырушыға беріледі. Ұйымдастырушы базасында шағымдарды қарау жөніндегі комиссиялар құрылады.

Қорытындыларға шағымдану құқығы жеңімпаздарын конкурстық комиссия айқындаған сатып алу бойынша ғана берілетін болады. Сатып алу қорытындыларын қайта қараудың осындай тәсілі Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің талаптарына сәйкес келеді және Жоғарғы сотпен келісілген. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу саласындағы проблемалардың бірі – рәсімдердің ұзаққа созылуы. Заңда мерзімдерді регламенттейтін белгіленген тікелей нормалардың болуы оларды қағидалар деңгейінде көздеуге мүмкіндік бермейді, - деді қаржы вице-министрі Даурен Кеңбеил.  

Вице-министр конкурсты өткізу мерзімі бір айға дейін қысқаратынын атап өтті.

Сонымен бірге бір көзден сатып алуды жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасады. Мәселен, конкурсқа қатысуға бір өтінім ұсынылған және оны біліктілік талаптарына сәйкес деп таныған жағдайда, мұндай сатып алуды өткізілді деп тану ұсынылады. Бұл уақытты айтарлықтай үнемдейді, сондай-ақ үдерісті жеңілдетеді, себебі тапсырыс берушіге қайта конкурс өткізудің қажеті болмайды. Бұдан басқа, 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі тауарларды, 500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді бір көзден сатып алуды жүзеге асыру ұсынылады, - деді Даурен Кеңбеил.

Сонымен қатар шарттық міндеттемелерін орындамаған өнім берушілермен шарт бұзылған жағдайда, екінші мердігермен шарт жасасып, жұмысты жалғастыруға мүмкіндік беру жоспарланып отыр. Бұл өткізілетін сатып алулар санын азайтып, жұмыстың уақытылы аяқталуын қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, тапсырыс берушілерге күнделікті қажетті тауарлар, жұмыстар мен қызметтер бойынша 3 жылдық шарт жасау мүмкіндігі бар.  

Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай операторы – «Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамы базасында бірыңғай платформа ашу көзделген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға