Мәжілісте есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобасы талқыланды
Бүгін Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның кезекті отырысы өтіп, онда есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заң жобалары талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәжілістің баспасөз қызметінің мәліметінше, оған Айдос Сарым төрағалық еткен.
Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында бұл мәселеге тағы да әлеуметтік келеңсіздіктердің бірі ретінде назар аударды. Дәл осы есірткі бизнесін өндіріп, есірткінің заңсыз айналымына ықпал ететіндер жазалануы керек. Президент есiрткi заттарын өндiргендерге жауапкершілікті күшейтiп, оны аса ауыр қылмыстармен теңестiрудi ұсынды. Құқық қорғау органдарына тікелей тапсырма берілді, - деді Айдос Сарым.
Парламент депутаттары бастамашы болған заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымнан өтті. Депутаттардың алдында Мемлекет басшысының барлық тапсырмасын ескере отырып, түзетулерді пысықтау міндеті тұр.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталды. Оның айтуынша, түзетулерде прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың, оларды өндіруге немесе өңдеуге арналған құралдар мен жабдықтардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылған. Тағы бір маңызды ұстаным – дәрі өндірушілерге жазаны күшейту.
Қоғамдық палата мүшелері мен басқа да жиынға қатысушылар өз пікірлерімен, ұсыныстарымен бөлісті. «Community Friends» ҚҚ нашақорлықтың алдын алу және халықтың негізгі топтарымен жұмыс жөніндегі үйлестірушісі Оксана Ибрагимова жазалаудан гөрі алдын алу мен қолдауға бағытталған неғұрлым тиімді реттеу жүйесін құру қажет екенін атап өтті.
Жиында айтылған ұсыныстар Қоғамдық палатаның ұсынымарына енгізіледі. Түзетулерді екінші оқылымға дайындау бойынша талқылау депутат Дмитрий Колода бастаған жұмыс тобында жалғасады.