Жаңалықтар

Мәжілісмендер «Tomiris» әйелдер саяси көшбасшылығын дамыту жобасының түлектерімен кездесті

Мәжілісмендер  «Tomiris» әйелдер саяси көшбасшылығын дамыту жобасының түлектерімен кездесті
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 06.09.2024 01:22 427

Мәжіліс депутаттары «Tomiris» әйелдер саяси көшбасшылығын дамыту жобасының белсенді түлектерімен кездесті. Жиынға вице-спикер Дания Еспаева, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан және Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жұлдыз Сүлейменова қатысты, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

«Tomiris» жобасының қатысушылары Парламентте тағылымдамадан өтіп жатыр. Бұл оларға тәжірибе жинақтауға, заң шығару үдерісімен танысып, мемлекеттік басқару және саясат саласындағы білімдерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Жиынды ашқан Дания Еспаева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың гендерлік теңдікті ілгерілетуге және әйелдердің қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған барлық бастаманы қолдайтынын атап өтті.

Біздің еліміз мүше болып саналатын «Ұрпақ теңдігі» іс-қимыл коалициясы аясында Мемлекет басшысы әйелдердің саясаттағы және шешім қабылдаудың барлық деңгейіндегі рөлін арттыруға назар аударады. Біздің депутаттарымыз Қазақстандағы әйелдердің жағдайын жақсартуға бағытталған заңнамалық түзетулер мен реформаларға бастамашы болды. Соның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманы өзгерту, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және әйелдердің саясатқа қатысуын арттыру мәселелерін атап өтуге болады, – деді Дания Еспаева.

Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселесі тек Қазақстан емес, бүкіл әлем үшін аса маңызды. Осы орайда депутат Жұлдыз Сүлейменова бұл мәселені тек құқықтық тұрғыда ғана емес әлеуметтік, экономикалық және мәдени тұрғыда да қарастыруға күш салатынын айтты.

Қазақстанда әйелдер құқықтарын қорғау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бағытында Президентіміздің саяси шешімімен маңызды қадамдар жасалды. Жақында қабылданған әйелдер құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін сақтау туралы заң, гендерлік теңдік пен заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа реформалар осыған дәлел. Біз ауыл-аймақтарда өмір сүретін әйелдердің құқықтарын қорғауға ерекше назар аударып, қолдауға тырысамыз, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Сонымен қатар жобаға қатысушылар Мәжілістегі «АMANAT» партиясы Фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаевпен, Палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовпен кездесіп, қабылданған заңдар аясында әйелдер құқықтары саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. 

Айта кетейік, тағылымдамаға 27 әйел қатысып жатыр. Олар заң шығару қызметінің негізгі кезеңдерімен және тетіктерімен, оның ішінде депутаттық сауалдарды әзірлеуді, көшбасшылық дағдылар мен саяси-қоғамдық процестерді тиімді басқару қабілетін дамытуды, сондай-ақ саясаттағы және қоғамдық өмірдегі әйелдердің мүмкіндіктерін талқылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға