Жаңалықтар

Мәжілісмендер Қызылорда мектептеріндегі құрылыс пен жөндеу жұмыстарын тексерді

Мәжілісмендер Қызылорда мектептеріндегі құрылыс пен жөндеу жұмыстарын тексерді
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 20.08.2024 19:26 473

Мәжіліс депутаттары, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшелері Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласындағы мектептерге барды, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттгі. 

Мархабат Жайымбетов пен Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласындағы жаңа оқу жылына дайындық барысын тексерді. Олар "Мерей" шағын ауданындағы №211 орта мектептегі құрылыс жұмыстарымен танысты.

Мектеп директоры Айжан Әлімованың айтуынша, білім ұясының іргетасы 1989 жылы қаланған. Қазір мұнда 860 оқушы білім алады. 35 жылдық тарихы бар білім ордасына «АМАNАТ» партиясының облыстық сайлауалды бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүріп жатыр.

Мердігерлер кестеге сай қатаң тәртіппен жұмыс істеп жатыр. Күрделі жөндеудің өзі мамыр айында басталды. Қаржыландыруға немесе құрылыс материалдарын сатып алуға еш кедергі жоқ. Жобаның жалпы құны шамамен 365 миллион теңгені құрайды. Сыртқы қаптау жұмыстары аяқталып, терезелер мен шамдар ауыстырылды. Үстіңгі қабаттарға жаңа радиаторлар орнатылып, тақтайшалар төселді. Қазір құрылысшылар ауланы жабдықтап, тас төсеп, спорттық құрал-жабдықтар орнатып жатыр. Сонымен қатар мектеп жиһаздары мен оқу құрал-жабдықтары толығымен жаңартылады, – деді мектеп директоры.

Өткен жылы облыс орталығындағы төрт мектепте орын тапшылығы болып, қосымша ғимараттар салынды. Сондай-ақ биыл жыл басында 1170 орындық төрт мектеп пен 550 орындық екі мектеп пайдалануға берілді.

«Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасы мен «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында бүгінде облыста 12300 орындық 21 мектеп салу жоспарланып, 6900 орындық 10 мектеп салынып жатыр. Қалған мектептер 2025 жылы пайдалануға беріледі. Бұл шаралар облыстағы апатты және артық жүктемемен жұмыс істеп тұрған мектептер мәселесін толығымен шешеді. Сонымен қатар облыста білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты мен Шиелі ауданында 100 орындық мектеп салынуда.

Білім сапасы мен мектептердің қолжетімділігі әрқашан өзекті. Сондықтан партиямыздың «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында оқушыларға жайлы орындар құру, жаңа мектептер мен балабақшалар салу, шығармашылық және спорттық секциялар ашуды қарастырдық. 2025 жылы облыста бірде-бір қауіпті мектеп болмауы керек. Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Балалардың қауіпсіздігіне, дабыл түймелері мен бейнебақылау камераларын орнатуға ерекше назар аудару керек, – деді депутат Мархабат Жайымбетов.

Айта кетейік, бүгінде Қызылорда облысында 300-ден астам мектеп бар. Алдағы оқу жылында өңірде 17 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға