Жаңалықтар

Мәжілісмендер Петропавлда құны 851 млн теңгелік бөгет жұмысымен танысты

Мәжілісмендер Петропавлда құны 851 млн теңгелік бөгет жұмысымен танысты
Фото: AMANAT партиясы 06.01.2025 18:39 439

Мәжіліс депутаттары Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода аймақтарға сапары барысында Петропавл қаласы Ойқала шағын ауданындағы бөгетті қалпына келтіру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

1960 жылы пайдалануға берілген Ущев көшесіндегі нысан шаһарды су тасқынынан қорғауда елеулі рөл атқарады.

Былтырғы алапат су тасқыны Солтүстік Қазақстан халқын біраз әбігерге салды. Соның салдарынан жүздеген тұрғын үй, бау-бақша учаскелері мен инфрақұрылым нысандарын су басты. Осыны ескеріп, теріскейліктер биыл алдын ала қамдануда.

Қазір өңірде 8 бөгет қалпына келтіріліп жатыр. Соның бірі Ущев көшесіндегі бөгетте Мәжіліс депутаттары болып қайтты. Бөгеттің биіктігі 4,5 метрден 7 метрге дейін, ені 3 метрден 6 метрге дейін, ал ұзындығы 300 метрге дейін ұлғайтылған. Бүгінгі таңда нысанға 205 мың тонна инертті материал жеткізілді. Бөгетті бетон плиталарымен нығайту жүргізіліп жатыр.

Бұл шаралардың барлығы былтырғы жағдайдың алдын алу үшін қолға алынып жатыр. Былтыр тасқыннан көптеген адам зардап шегіп, орасан материалдық шығындар болды. Биыл бұған жол берілмейді деп сенеміз. Осы орайда бөгетті қайта қалпына келтіру жұмыстары қызу жүргізіліп жатқанына куә болып отырмыз. Ең бастысы, құрылыс жұмысының сапалы әрі уақытында аяқталуы, – деді депутат Еркебұлан Мәмбетов.

Жобаның жалпы құны 851 миллион теңгені құрайды. Заманауи технология мен сапалы материалдар қолданылуда. Ол бөгеттің ұзақ мерзік қызмет етуіне септігін тигізеді. Жұмыстың сапалы орындалуы «AMANAT» партиясының ерекше бақылауында болады.

Былтыр көктемдегі су тасқыны салдарынан облыста 4 мыңнан астам тұрғын үй, 45 кәсіпкерлік нысан, 42 автожол учаскесі зақымданған болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға