Жаңалықтар

Мәжілісмен Президент қол қойған құмар ойындарға қатысты заңға пікір білдірді

Мәжілісмен Президент қол қойған құмар ойындарға қатысты заңға пікір білдірді
Фото: instagram.com/daulet_mukayev 08.07.2024 14:10 7258

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Мемлекет басшысы қол қойған "Ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР заңына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы депутат желі парақшасында жазды.

Атырау қаласында өткен Ұлттық Құрылтайда мемлекет басшысы луломанияны басты әлеуметтік мәселелердің бірі деп атады. Азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеу қою бойынша жұмысты күшейтуді тапсырған болатын. Парламент ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді, соның ішінде, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулерді қабылдады. Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын енгізді,-деп жазды Дәулет Мұқаев.

Мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындардың кез келген қызметі – букмекерлік кеңселер, казинолар және онлайн казинолар шектелетін болады. 

Депутаттың мәліметінше, жалпы саны 280 мыңға жуық адамды құрайтын әскери қызметкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға қатыса алмайды. 

Құмар ойындарға тәуелді адамдарды медициналық оңалту тәртібі де анықталған. 

Заңның маңызды жаңалықтарының бірі – 21 жасқа толмаған тұлғаларға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу. Заң байланыс операторларына құмар ойындар мен бәс тігуге арналған жарнаманы қамтитын хабарламаларды жіберуге тыйым салады.
Букмекерлік кеңсенің орналасқан жерінде, ғимараттарда, көлік құралдарында букмекерлік кеңселер ғимараттарының сыртқы жарнамасына, букмекерлік кеңселерді бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға тыйым салынады. Букмекерлік кеңселердің жарнамасын таратқан жағдайда 60 АЕК және одан жоғары айыппұлдар қарастырылған,-делінген жазбада.

Онлайн-казино ұйымдастырушылары екі жылға дейін бас бостандығынан айырылумен байланысты қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупі бар. 

Бұдан өзге өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңға сәйкес енді электронды лотерея билеттері тек ресми интернет-ресурс немесе лотерея операторының мобильді қосымшасы арқылы сатылады. «Lotomatic» терминалдары мен лото клубтарының қызметіне тыйым салынды.

Лотерея билеттерін тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ұйымдарда, білім беру, денсаулық сақтау, діни ғимараттары мен құрылыстарында, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарынан жүз метр радиуста таратуға тыйым салынады.
Бұл да біткен үлкен бір жұмыс әрі жеңіс. Себебі дәл осы заңға қарсы болған небір лоббистік топтар болды,-деп сөзін түйді депутат.

Еске салсақ, біз бұған дейін Президент Қасым-Жомарт өзгерістер мен толықтырулар енгізілген бірқатар заңға қол қойғаны туралы жаздық. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға