Жаңалықтар

Мәжілісмен майдангерлер атындағы ордендер табыстауды ұсынды

Мәжілісмен майдангерлер атындағы ордендер табыстауды ұсынды
Фото: parlam.kz 20.03.2024 13:50 740

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин президент Қасым-Жомарт Тоқаев аты аңызға айналған қаһармандарымыз Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетовтің есімдерімен аталатын арнайы ордендерді тағайындау туралы ұсынысына қолдау білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісмен майдангерлеріміз «Адал адам» қағидатына сай тарихи тұрғыдан әділ бағалануы тиіс екенін айтады. Себебі бүгінде олардың еңбегін жоққа шығарысы келетіндер көбейген.

Тек бейбіт қоғамда өмір сүріп, оқ дәрінің иісін сезбеген, Отан үшін күрестегі шайқастармен терең таныспаған ұрпағымыздың кейбір өкілдері тарихи оқиғаларымыз бен тұлғаларымызды жоққа шығарғысы келеді. Бұл – тарихымызға жасалған қиянат, батырлардың рухына деген құрметсіздік, - деді ол.

Жаңбыршин ел болу үшін тарихи оқиғаны, сол оқиғалардың бел ортасында жүрген тұлғалардың атын жас ұрпақтың жадында тасқа қашағандай етіп таңбалау қажеттігін алға тартады.

Мысалы, әлемнің Англия, Қытай, Франция, Испания сияқты көптеген елдері өз тарихын тұғырлы тұлғалармен байланыстырады, тіпті олардың есімдерімен арнайы дәуірлерді атайды. Оған қоса ордендері мен медальдарына рухани көсемдерінің, мемлекетінің айбынды қолбасшыларының есімдерін берген. Бұл ұлттың ұлылығын және саяси мәдениетінің биіктігін білдіреді, - деп қосты мәжілісмен.

Осы ретте Мәжіліс депутаты аттары аталған майдангерлердің есімдерін ұлықтау ІІ дүниежүзілік соғыста көз жұмған 600 мың қазақстандыққа көрсетілген құрмет деп отыр.

Бұл ұсынысты заңды түрде бекітуіміз қажет. Бұл шешімді тез арада алдағы Отан қорғаушы күніне дейін қабылдап, алғашқы сарбаздарымызды еліміздің біртуар перзенттерінің атындағы мәртебелі ордендермен марапаттауымыз керек, - деді депутат.

Еділ Жаңбыршин премьер-министр орынбасар Тамара Дүйсеноваға бірқатар ұсынысын да жеткізді:

  • Біріншіден, Үкімет майдангерлеріміздің атын мәңгі есте сақтау шараларын қолға алсын.
  • Екіншіден, ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді қайта жаңғыртып, майдангерлердің деректері цифрландырылған арнайы Ұлттық порталды жасауы қажет.
  • Үшіншіден, бұл жұмыстарға көпжылдық тәжірибесі бар қоғамдық ұйымдарды тартып, аталған жобаларға барлық көздерден қаржыландыру қарастырылуы тиіс.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға