Жаңалықтар

Мәжілісмен Атырау фермерлерімен өтемақы мәселелерін талқылады

Мәжілісмен Атырау фермерлерімен өтемақы мәселелерін талқылады
Фото: Мәжіліс 15.08.2024 19:13 581

Мәжіліс депутаты, Respublika партиясы фракциясының мүшесі Айтуар Қошмамбетов Атырау облысының фермерлерімен кездесті. Жергілікті тұрғындар көктемгі су тасқынынан кейін шаруалар мен шаруа қожалықтарының мүлкіне келтірілген шығынды өтеуге қатысты бірқатар шешімін таппаған мәселе бойынша шағымданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тасқын кезінде суға кеткен төрт-түлік пен жеміс ағаштары үшін меншік иелеріне өтемақы төлеу тетігі әзірленіп, қабылданды. Алайда шаруалар мен шаруа қожалықтарының белгілі бір санаттағы меншігіне апаттан келген шығынды өтеудің жолдары қарастырылмағаны белгілі болды. Қабылданған ереже аясында мәселесі шешімін таппай жүрген шаруалар мен кәсіпкерлер «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында бас қосты. «Абдулла», «Балмұханова», «Мусаева» және басқа да шаруа қожалықтарының өкілдері әлі күнге дейін өтемақы ала алмай жүргендерін айтып шағымданды.

Ғимараттарды су шайып, техника зақымданған. Тасқын су жайылым мен егістікте әлі де тұрғандықтан мал азығын өсіруге мүмкіндік жоқ. Басты мәселенің бірі – жоғалған мүліктің өтемақысының болмауы. Оның ішінде малға арналған базалар, малшыларға арналған үйлер, бау-бақша суаратын құрал-жабдықтар және басқалар. Көптеген ғимараттың заңдастырылмағаны мәселені қиындатып отыр.

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің мәселелері тұрақты бақылауда. Мемлекет басшысы зардап шеккендерге жоғалған мүлкі үшін өтемақы төлеу міндетін қойды. Бірақ, өзіңіз білетіндей, бюджеттің мүмкіндіктері шектеулі және барлық мәселе бекітілген алгоритмдер аясында шешіледі. Дегенмен тәжірибе көрсеткендей, төтенше жағдайларға да дайын болуымыз қажет, яғни ережеде жоқ мәселелер де қарастырылуға тиіс, – деді Айтуар Қошмамбетов.

Тағы бір мәселе – декоративті ағаштар. Мәселен, облыс орталығының іргесінде ботаникалық бақ пен демалыс орындары бар, оның аумағында су тасқынынан 1,5-2 мың түп ағаш жойылған.

Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Алтынай Сәрсенқызы шаруалар сауалдарына жауап берді. Ол мемлекет жеміс ағаштары мен жоғалған есепке алынған мал үшін орта есеппен 15 мың теңгеден төлейтінін айтты. Жануарларға арналған құжаттар болмаса, растау тетігі көршілерінің куәгерлігі арқылы да беріледі.

Жиын соңында депутат Айтуар Қошмамбетов тұрғындар көтерген мәселелерді шешу жұмыстары Парламент қабырғасында қаралатынын айтты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға