Мәжілісмен ақылы автотұрақтар санын азайтуды ұсынды
Астанада ақылы тұрақтар саны 20 есе артқан. Бұл туралы Мәжіліс отырысында депутат Самат Нұртаза айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Депутаттың сөзінше, бастапқыда ақылы көлік тұрақтары тек адамдар ең көп жиналатын орындарда ашылды. Дегенмен уақыт өте келе ақылы тұрақтар тұрғын үй алаптары мен тыныш аудандарда да ашыла бастаған. Сондықтан депутат ақылы тұрақтар кейбір шарттарға бағынбайтынын атап өтті.
Жеке серіктестерге еш қаражат жұмсауды қажет етпейтін, жұмыс істеп тұрған автотұрақтар беріледі. Жеке серіктес төлем алу құрылғыларын орнатады. Кірістің 95 пайызы жеке серіктеске, ал 5 пайызы мемлекетке түседі. Абаттандыру, жолды жөндеу және көшені жинау шығындарын қала әкімдігі көтереді. Шарт талаптарын әлеуметтік әділеттілік тұрғысынан қайта қарау абзал, - дейді депутат.
Ақылы автотұрақтар үшін арнайы айыппұл түрі енгізілген және айыппұл сомасы 10 350 теңгені құрайды. Яғни азаматтарымыз 100 теңге төлемеген жағдайда, 10 мың теңге төлеуге мәжбүр. Ал бұл дегеніміз 100 есе көп.
Бұл айыппұлдарды автотұрақ әкімшілері емес, Ішкі істер министрлігі алып отырады. Әкімдік пен ақылы автотұрақ операторларының өзара осындай қарама-қайшылық қатынастары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік талаптарына сай келмейді. Сондықтан ақылы автотұрақтарды көліктер ең көп жиналатын жерлерде ғана қалдырып, олардың санын қайта қарап, қысқартуды ұсынамыз, - деді Самат Нұртаза.