Жаңалықтар

Мәжіліс үш жылдық республикалық бюджетті бекітті

Мәжіліс үш жылдық республикалық бюджетті бекітті
Фото: El.kz 30.10.2024 14:40 446

Мәжіліс "2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын қабылдады,деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров елдің 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы енгізілетінін айтты.

Республикалық бюджеттің теңгерімін кірістер базасы есебінен қамтамасыз ету үлесі 2025 жылы 63,7 пайызды, 2026 жылы 75,0 пайызды және 2027 жылы 76,9 пайызды құрайды, - деді ол.

ҚР Қаржы министрі Мәди Такиев заң жобасын талқылау барысында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірлерді дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізілгенін мәлімдеді.

Оның ішінде, халықты таза сумен қамтамасыз етуге, жылу әрі электр энергетикасын, көлік, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға қосымша шығыстар көзделген. Сонымен қатар, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында медициналық қызметтер көрсетуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуге арналған шығыстар қарастырылған, - деді министр.

Депутаттар 2025-2027 жылдары шығыс көлемін 4 трлн теңгеден астам сомаға арттыруды, оның ішінде 2025 жылға 2 трлн теңгеге ұлғайтуды ұсынды.

Мәжіліс депутаттары Үкімет таныстырған заңды талқылап болғаннан кейін, құжатты дауысқа салды. Нәтижесінде отырысқа қатысқан 93 депутаттың 82-сі жақтап, 11-і қалыс қалды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға