Жаңалықтар

Мәжіліс трансферттік баға белгілеу туралы заңды мақұлдады

Мәжіліс трансферттік баға белгілеу туралы заңды мақұлдады
Фото: t.me/mazhilis_kz 13.12.2023 11:00 1971

Мәжілісте «Трансферттік баға белгілеу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілістің жалпы отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев трансферттік баға белгілеу бойынша бақылауды күшейту жөніндегі заңға тиісті түзетулер енгізілетінін айтты.

Біріншіден, нарықтық бағаны анықтау әдістерін қолдануды жетілдіру мәселесі. Қазіргі уақытта заңда нарықтық бағаны анықтау әдісінің 5 иерархиясы қарастырылған. Мысалға, егер салық төлеуші бесінші әдісті қолдану керек деп санаса, онда ол алдымен алдыңғы төрт әдісті қолдану мүмкін еместігі туралы негіздемелер дайындауы керек. Осыған орай, халықаралық мәмілелердің сипатын ескеріп, нақты қай әдісті қолдану керектігі анықталады. Бұл шешім салық төлеушінің де, тексерушілердің де әкімшілік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді, - деді Жамаубаев.

Екіншіден, министр нарықтық диапазонды айқындау тетігін енгізу жолдарына тоқталды. Сөзінше, қазір баға диапазоны мен рентабельділік, нарықтық бағалардың минималды және максималды мәндерімен айқындалады. Ол нақты бағаларға сәйкес келмеуі мүмкін. Заң жобасында неғұрлым әділ бағаларды белгілеу мақсатында диапазонды тарылту ұсынылады.

Үшінші, капиталды шығаруға бақылауды күшейту мақсатында тараптардың өзара байланыстылығын айқындауды кеңейту. Кейбір ірі салық төлеушілер жасанды делдалдық құрылымдар құрады. Олар өзара байланысты тараптар болып саналмайды да, экспортталатын өнімді одан әрі сату кезінде тәуекелдер деңгейі төмен болады. Шикізат өнімдерін сондай «эксклюзивті» трейдерлерге төмендетілген бағамен сату фактілері бар. Бұл ретте ондай трейдерлер бойынша қаржылық есептілікті алу мүмкін емес. Яғни тексерілетін мәмілелер бойынша жеткілікті ақпараттың болмауына байланысты елден капиталды алып кету тәуекелі туындайды. Сондықтан өзара байланысты тараптар ұғымын кеңейту ұсынылады, - деді министр.

Сондай-ақ тауар биржаларында жасалған мәмілелердің трансферттік баға белгілеуі бойынша бақылау жүргізілетінін және есептілікке қойылатын талаптарды жетілдіру бойынша өзгертулер енгізілетінін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға