Жаңалықтар

Мәжіліс спикері әйелдер қауымын мерекемен құттықтады

Мәжіліс спикері әйелдер қауымын мерекемен құттықтады
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 07.03.2025 13:36 521

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 120-дан астам белсенді әйел «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты ұйымдастырған «Әйелдер – жасампаз көшбасшылар» атты саяси көшбасшылық бойынша оқу курстарына қатысты. Бүгін олар Мәжіліс спикері, партия төрағасы Ерлан Қошановпен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесуді аша отырып, Ерлан Қошанов жиналғандарды алдағы 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Ол президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауқымды саяси реформаларының арқасында елде гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және отбасылық құндылықтарды нығайту мәселелері сапалы жаңа деңгейде шешіліп жатқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы II республикалық мәслихат депутаттарының форумында атап өткендей, өкілді билік органдарындағы әйелдердің саны өсті, сондай-ақ әйелдердің әртүрлі салалардағы бастамалары жан-жақты мемлекеттік қолдауға ие болуда. Партия мүшелерінің шамамен 60%-ын әйелдер құрайды. Бүгінгі таңда, жаңа саяси жағдайларға қарамастан, «AMANAT» партиясы өз позициясын нығайтуын жалғастыруда. Біздің Әйелдер қанаты партия мен әйелдер қауымдастығы арасындағы шынайы көпірге айналды. Бұл әрбір белсенді әйелдің дауысы естіліп, оның идеялары жүзеге асатынына кепілдік береді. Сонымен қатар Әйелдер қанаты қоғамдық-саяси пікірталастарға әртүрлі көзқарас пен тереңдік қосып отыр, – деді ол.

Ерлан Қошанов сондай-ақ «AMANAT» партиясының Әйелдер қанаты мүшелері заң шығару жұмысына белсене қатысып жүргенін атап өтті. Мәселен, олардың ұсыныстары әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң жобасын әзірлеу кезінде ескерілді. Бұл заң толық күшіне енді, бүгінде осы саладағы қылмыстық құқық бұзушылықтар едәуір азайды, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы шағымдар саны үштен бірге қысқарды, ел бойынша 69 дағдарыс орталығы мен баспана ашылды. Бұдан бөлек, бүгінде депутаттар талқылап жатқан психологиялық қызмет туралы заң жобасына да көшбасшы әйелдер тарапынан орынды түзетулер енгізілді.

Сондай-ақ партия төрағасы әйелдердің құқықтарын бұзғаны үшін заңнаманы қатаңдатудың маңыздылығына назар аударды. Соңғы уақытта «қалыңдық ұрлау» дәстүрін желеу етіп, кейбір жастар жас қыздардың құқықтарын бұзып, оларды еркінен тыс некеге тұрғызуда. Бұл мәселеге мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында ерекше назар аударды. Сондықтан депутаттар «некеге мәжбүрлеу» үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу нормаларын ұсынды. Бұл ретте, Мәжіліс депутаттары Әйелдер қанатынан да ұсыныстар күтеді.

Мәжіліс спикері Әйелдер қанаты алдында тұрған бірқатар жаңа міндеттерді де белгіледі. Атап айтқанда, «Tomiris» жобасының ауқымын кеңейтіп, болашақ көшбасшыларды студенттік кезден бастап дайындауға назар аудару қажет. Ол үшін жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық орнату керек, әсіресе саясаттану және әлеуметтік мамандықтардың әлеуетіне көңіл бөлу маңызды. Сонымен қатар жобаға қатысушыларды талдамалық жұмысқа белсенді тарту және әйелдер кәсіпкерлігін қолдауды күшейту керек.

Ерлан Қошанов әйелдердің жұмысқа орналасуы мен өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерін кеңейтудің, сондай-ақ олардың экономикаға, саясатқа және басқа да салаларға белсенді қатысу мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

Іс-шарада сондай-ақ Конституциялық сот төрағасы Эльвира Азимова, Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрайымы Аида Балаева, Қазақстандағы Конрад Аденауэр қоры өкілдігінің директоры Виктор Франк сөз сөйледі.

Бұдан кейін өңірлерден келген қатысушылар өз жобалары туралы баяндап, әйелдер көшбасшылығын дамыту жөнінде ұсыныстарын жеткізді. «AMANAT» партиясының Ақтөбе облыстық мәслихатындағы фракциясының жетекшісі Күлпаршын Айдарханова ауыл жастарына өз әлеуетін ашуға және жеке кәсібін бастауға көмектесетін «ДЕМ» жобасы туралы айтып берді. Жамбыл облысының Әйелдер күштері альянсының төрайымы Әмина Қайназарова кәсіпкерлікті жаңа бастаған әйелдер үшін 3-5 жылға салық жеңілдіктерін енгізуді ұсынды. Атырау облысы Қамысқала ауылдық округінің әкімі Рафиғат Тәжиденова кәсіпкерлік қызмет үшін жер телімдерін бөлу тәртібін жеңілдетуді және бос үйлерді коммерциялық нысандарға айналдыруды ұсынды. «IteachMe» қорының директоры Захира Бегалиева цифрландыру мүмкіндіктері туралы айтып, оның ерекше қажеттіліктері бар адамдарға үйден жұмыс істеуге жол ашатынын атап өтті. Петропавлдық «Sensitive» ансамблінің көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщикова есту қабілеті төмен және мүлде естімейтін балаларды әлеуметтендіру жобалары жайында бөлісті. Ал Шығыс Қазақстан облысынан келген, 30 жылдық мемлекеттік қызмет тәжірибесі бар Галина Пахомова адамдармен жұмыс істеудегі кәсіби тәжірибесі және күрделі жобаларды жүзеге асырудағы жетістіктерімен бөлісті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға