Жаңалықтар

Мәжіліс сайлауы: Үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті

Мәжіліс сайлауы: Үгіт-насихат жұмыстары қыза түсті
Фото: gov.kz 01.03.2023 19:57 1400

Respublica партиясының турнесі Қостанай облысында жалғасып жатыр. Партия өкілдерінің Қостанайдағы халықпен кездесуіне 1000-нан астам тұрғын қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қостанай облысын Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың «еңбек аймағы» десек те болады. Мұнда ол соңғы алты жылдан бері тұрып жатыр әрі жұмыс істейді. А.Қожаназаров «Олжа Агро» ЖШС ірі агроөнеркәсіптік холдингін басқарып, мыңдаған қазақстандықты жұмыспен қамтамасыз етіп, экономикалық өсудің жаңа нүктелерін құруда. Ал бұл – бүгінде халыққа ең қажет нәрсенің бәрі.

«Біріншіден, сіздердің белсенділіктеріңіз үшін алғыс айтқым келеді. Соңғы кездері бір ғана Қостанай облысында Respublica партиясының қатарына 15 мыңнан астам адам мүшелікке өткен. Бұл біздің партияға деген сенімнің жоғары деңгейін және Respublica бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар бағытын қолдайтындарыңызды көрсетеді. Бұл – біз үшін үлкен құндылық, біз сіздердің сенімдеріңізді ақтауға бар күш-жігерімізді саламыз», - деді А.Қожаназаров.

«Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы және Астана қаласының 2-сайлау округі бойынша Мәжіліс депутаттығына үміткер Азаматхан Әміртай елордадағы трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығына барды. Іс-шара аясында жасылдар партиясының жетекшісі мен белсенді өкілдері қан тапсырып, медициналық мекеме ұжымымен кездесу өткізді.

Кездесуде Азаматхан Әміртай қоғам үшін ерікті түрде қан тапсырудың ерекше маңызын атап өтті. Сонымен қатар, партия жетекшісі адамдардың денсаулығын сақтап, әлеуметтің әл-ауқатын арттыру үшін экология мен жасыл технологияның айрықша маңыздылығына тоқталды. 

Қан орталығының қызметкерлері өз кезегінде қан тапсыру үдерісі қалай жүріп жатқаны және донорларға қандай талаптар қойылатыны туралы айтып берді. Олар қан қорын үнемі жаңартып отырудың маңыздылығын баяндап, барлық ниет білдірушілерді донорлық қозғалысқа қосылуға шақырды.

“Ақ жолдың” республикалық үгіт-насихат тобы Ақжайық халқымен кездесті. “Ақ жол” партия төрағасы Азат Перуашев бастаған үгіт тобында ақын, мәжіліс депутаттығына кандидат Қазыбек Иса,  партияның облыстық филиалының төрағасы Серік Мерғалиевтер бірнеше еңбек ұжымымен кездесті. Бірінші болып үгіт тобы облыстағы ең ірі «Модисал»  жиһаз цехіне табан тіреді. Алпысқа жуық адамды жұмыспен қамтып,  өз кәсібін жоқтан бастаған цех басшысы Алихан Жұмашев «Ақжол»  атынан қалалық мәслихатқа депутаттыққа өз-өзін ұсынушы ретінде ұсынған азамат екенін де атап өткен жөн.  Бүгінде шаруасы өрге домалаған кәсіпорын өз өнімін тек республика бойынша емес,  Оралға көршілес жатқан РФ бес облысына тауар жеткізуді көздейді.  Цех жұмысымен танысқан меймандар жас кәсіпкерге алдағы сайлауды сәттілік тілеп,  партияның алдағы уақытта да бизнесті қолдау бағытындағы жұмыстары жалғаса беретінін айтты.

Мұнан соң, үгіт-насихат тобы Орал трансформатор зауытына барды. Ауысымында 250-ге жуық адам жұмыс жасайтын ірі кәсіпорын елдегі трансформатор шығаратын бірегей өндіріс орындарының бірі.  Алыс-жақын шетелдермен тығыз байланыс орнатқан зауыт өз өнімін экспортқа шығарады.  Кәсіпорын жұмысымен жақын танысып,  қызметкерлер сұрағына жауап берген партия төрағасы А. Перуашев мұндай ірі жеке зауыттардың ел экономикасына қосатын үлесі зор екенін айтып,  мемлекет оларға жан-жақты қолдау керектігін атап өтті.

Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Найля Аппасова «Ұлытау Нан» ЖШС ұжымымен кездесті. Спикер еңбек ұжымына Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Партия өкілі мемлекет көпбалалы отбасында тәрбиеленген балаларға жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін білім беруге тиіс екенін мәлімдеді.

–  Халық партиясы әйелдердің зейнетке шығу жасын – 58, ал 4 және одан көп баланы тәрбиелеп отырған аналарды 55 жасқа дейін зейнетке шығаруды талап етеді.  Біз мүгедектігі бар жұмыс істейтін адамдар үшін зейнетке шығу жасын төмендетуді жақтаймыз. Зейнетке шыққаннан кейін олар мүгедектік бойынша жәрдемақы мен зейнетақыны қатар алуы керек, – деді Н. Аппасова.

Сөз арасында ол жұмысшылардың еңбекақысын көтеру, халыққа төмен мөлшерлемемен несие беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

«AMANAT» партиясы медицина қызметкерлерінің жағдайын жақсартуды көздейді. «AMANAT» партиясы Республикалық сайлауалды штабы мүшелерінің үгіт-насихат жұмысы Қостанай облысында жалғасты. Үміткерлер ең алдымен Аманқарағайда орман және аңшылық шаруашылығы саласы қызметкерлерімен жүздесті. Мұнда былтыр өрттен зардап шеккен орман алқабын қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Алайда жұмысшылар саны аз. Орманшылардың айтуынша, бос жұмыс орындары болғанымен, жұмыс істеуге ешкім келгісі келмейді. Өйткені жалақының аздығы жас мамандарды тартуға мүмкіндік бермейді.

Парламент Мәжілісінің депутаттығына үміткер Екатерина Смышляева «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында осы мәселелерге көп көңіл бөлінгенін атап өтті.

«Партияның сайлауалды бағдарламасында орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесіне мән берілген. Тағы қынжылтатын жайт – облыста маман даярлау жұмысы тоқтады. Мемлекеттік тапсырыс өте аз. Келесі оқу жылынан бастап маман даярлау үшін гранттар бөлу мәселесін назарға аламыз», – деді Е.Смышляева.

Бұдан соң штаб мүшелерінің кездесуі Қостанай ауданының ауруханасында жалғасты. Депутаттыққа үміткер Татьяна Булгацевичтің айтуынша, бұл – ауруханаға арналып бейімделген ғимараты жоқ жалғыз аудан. Емделушілер жалға алынған бөлмеде қабылданады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға