Жаңалықтар

Мәжіліс кредит беру тәуекелдері бойынша заңды Президентке жіберді

Мәжіліс кредит беру тәуекелдері бойынша заңды Президентке жіберді
Фото: parlam.kz 29.05.2024 12:41 935

Мәжіліс Сенаттың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына енгізген өзгерістерімен келісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заңға енгізілген өзгерістерге қатысты Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Берік Бейсенғалиев баяндады.

Енгізілген түзетулер тұтастай алғанда қаржы нарығын реттеуді жетілдіруге бағытталған және келесі мәселелерді қарастырады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қызметін республикалық бюджет шығыстарының құрамынан қаржыландыруды алып тастап, Ұлттық Банктің бюджетінен қаржыландыруға көшу, әскери қызметшілерге мерзімді қызмет өткерген соң жұмысқа орналасқанға дейін 60 күнге банктік қарыз немесе микрокредит бойынша төлемдерді кейінге қалдыруға қосымша мүмкіндік беру мәселесі бар, - деді депутат Берік Бейсенғалиев.

Бұдан басқа енді синдикатталған қаржыландыруға құқығы бар тұлғалардың тізбесіне ҚР бейрезидент банктерінің филиалдарын, Астана халықаралық қаржы орталығының қатысушы банктерін енгізу көзделіп отыр.

Қаржы ұйымының басшы лауазымына кандидатты келісу кезінде ұлттық басқарушы холдингтің, Қазақстан даму банкінің және жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қорының басшы лауазымдағы жұмыс өтілін ескеру көзделеді, - деді депутат.

Мәжіліс Сенаттың заңға енгізген түзетулерімен келісіп, Президентке жолдады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға