Жаңалықтар

Мәжіліс «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасын қабылдады

Мәжіліс «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасын қабылдады
Фото: © El.kz 15.06.2023 04:44 754

Парламент Мәжілісінің депутаттары палата отырысының екінші оқылымында «Кәсіптік біліктілік туралы» заң жобасын қарап, осы заң жобасын және оған ілеспе заңнамаға түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл Заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді. Құжат Ұлттық біліктілік жүйесін дамытуға бағытталған, оның негізгі мақсаты стандарттарды әзірлеу, жұмыс берушілер тарапынан «өмір бойы» алынған кәсіптік біліктіліктерді бағалау және тану арқылы еңбек нарығы мен кадрлар даярлау жүйесі арасындағы өзара байланысты нығайту болып табылады.

Заң жобасын қабылдау жастардың еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделуін жеделдетуге және жаңа дағдылар мен құзыреттерді игеруге ынталандыруға мүмкіндік береді.

Қажетті дағдылар мен құзыреттер бойынша талаптар салалық мемлекеттік органдар әзірлейтін және бекітетін кәсіби стандарттарда қамтылады. Бүгінгі таңда 2689 кәсіпті қамтитын 623 кәсіптік стандарт бар. Оларда белгіленген талаптар негізінде білім беру ұйымдары білім беру бағдарламаларын әзірлейді. Осылайша, жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін кадрларды даярлау қамтамасыз етіледі.

Заң жобасының маңызды новелласы – өз бетінше игерілген дағдыларды, сондай-ақ формалды емес және информалды білім беру нәтижелерін тану. Яғни, егер олар кәсіптік біліктіліктерін мойындаудан өткен жағдайда, өз бетінше оқыған адамдарға немесе түлектерге жұмыс өтіліне талаптар қоймай жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріледі.

Азаматтар тиісті орталықтарда кәсіптік біліктілігінің бар екендігін растайтын құжатты ала алады және егер бұл кәсіптік стандартта көзделсе, оны білім туралы дипломмен тең жұмысқа орналастыру кезінде пайдалана алады.

Сондай-ақ, заң жобасында кәсіптік біліктілікті тану жүргізілетін кәсіптер тізбесін қалыптастыру көзделеді. Аталған тізілімді жүргізуді Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында жүзеге асыру жоспарлануда, ал тізілімге енгізу үшін ұсыныстарды мемлекеттік органдар мен салалық кеңестер енгізетін болады.

Дәрігерлер, қаржы аудиторлары және басқалар сияқты реттелетін мамандықтар бойынша сертификаттардың міндетті болу талаптары белгіленгенін атап өткен жөн. Өзге кәсіптер бойынша түлектер мен жұмыскерлер заң жобасына сәйкес жұмыс берушілер тарапынан үлкен сұранысқа ие болу үшін өз біліктіліктерін өз еркімен растай алады.

Сонымен қатар заң жобасында жұмысшылар мен жұмыс берушілерді кәсіптік біліктілікті тану жүйесіне кіруге ынталандыру бойынша бірқатар шаралар қарастырылған, мысалы, олар жұмысшыларға әртүрлі кепілдіктер мен жеңілдіктер енгізу немесе біліктілікті танудың ваучерлік-модульдік жүйесі.

Бұдан басқа ҰБЖ басқарудың үш деңгейлі моделі қаланды:

Бірінші деңгей – Ұлттық кәсіптік біліктілік кеңесі, ол ҰБЖ-ны стратегиялық басқаруға жауапты бірыңғай шешім қабылдау орталығына айналады.

Екінші деңгей – мемлекеттік органдар жанындағы кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестер. Олар өз саласын кәсіби білікті кадрлармен қамтамасыз етуге жауапты салалық біліктілік жүйелерін құруда жетекші рөл атқаратын болады.

Үшінші деңгейде кәсіптік біліктіліктер бойынша ұлттық орган құру көзделеді, оның құзыретіне ҰБЖ бойынша әдістемелік және сараптамалық қолдау көрсету жөніндегі функциялар кіретін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға