Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты Талдықорғандағы өнеркәсіптік аккумулятор зауытында болды

Мәжіліс депутаты Талдықорғандағы өнеркәсіптік аккумулятор зауытында болды
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 09.01.2025 16:05 210

Жетісу өңіріне жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев «Талдықорған» индустриалды аймағында болды. Бірқатар кәсіпорынның, соның ішінде «Asma Industrial» аккумулятор зауытының жұмысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Зауыт директоры Дидар Санатовтың айтуынша, инвестиция көлемі 8,5 миллиард теңгеден астам болса, оның 1,5 миллиардқа жуығы несие түрінде тартылған. Бұл ретте облыс әкімдігі кәсіпорынға қажетті инфрақұрылым – 14 гектар жер телімін бөлуден бастап инженерлік желілерді тартуға дейін қамтамасыз еткен. Жақын арада кіреберіс теміржол желілерін қосу жоспарланған.

«Asma Industrial» компаниясының өндірістік ғимараттары заманауи технологияларды қолдану арқылы салынған. Зауыт автомобильдер мен көліктің басқа түрлеріне арналған аккумуляторлардан бөлек стационарлық аккумуляторлар шығаруға маманданған. Олар жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын электр станцияларына қызмет көрсететін инфрақұрылымдық жүйелерде пайдалануға арналған.

Кәсіпорын Қазақстанда бұрын өндірілмеген өнім шығара бастады. Мұны үлкен жетістік деп санауға болады. Жақында «Asma Industrial» зауытына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, оның бағытын жоғары бағалады. Қазіргі таңда кәсіпорын тәжірибелік іске қосудан өтіп, ақпан айында өнімнің сериялық өндірісін бастау жоспарланып оты. Оның 60 пайызын алыс-жақын шетелдерге экспорттау қарастырылуда, – деді Азат Перуашев.

Зауыт директоры «Ақ жол» партиясына өткен жылы қабылданған бизнесті жүргізу туралы заңға бастамашылық жасап, енгізгені үшін алғыс айтты. Жаңа ережелерге сәйкес, ірі тау-кен металлургия компаниялары енді бірінші кезекте металлургиялық шикізатпен отандық өңдеушілерді қамтамасыз етуге міндетті және тек сұраныстан бос көлемдерді экспорттай алады. Заң шығару бастамасы қазақстандық машина жасаушылардың партияға үндеуіне негізделген.

Еске сала кетейік, 5 қаңтарда Мәжіліс депутаттарының өңірлерге жұмыс сапары басталды. Депутаттар өндірістік және әлеуметтік нысандарды аралап, еңбек ұжымдарында кездесулер өткізіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды. Өңірлерде сайлаушылар көтерген ең өзекті мәселелерді шешу Мәжілістің жалпы отырыстарының бірінде Үкіметпен бірлесіп қаралатын болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға