Жаңалықтар

Мәжіліс депутаты Барселонада өткен конференцияға қатысты

Мәжіліс депутаты Барселонада өткен конференцияға қатысты
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 04.03.2025 16:30 157

3-6 наурыз аралығында Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов Барселонада өткен мобильді операторлардың жаһандық қауымдастығы (GSMA) ұйымдастырған әлемдегі жетекші мобильді технологиялар көрмесі – Mobile World Congress (MWC) іс-шарасына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Конференция аясында депутат Халықаралық телекоммуникация одағының (ITU) өкілдерімен кездесіп, радиожиілік спектрін тарату, 5G және спутниктік технологияларды енгізу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, радиожиіліктерді реттеудің озық әлемдік тәжірибесі мен цифрлық трансформация тақырыбына арналған панельдік сессияларға қатысты.

Іссапар барысында Ерболат Саурықов әлемдегі жетекші технологиялық компаниялар – Huawei, Siemens, Nokia және Ericsson басшыларымен келіссөздер жүргізіп, мобильді желілер, киберқауіпсіздік және цифрлық инфрақұрылымдардың тұрақтылығы саласындағы соңғы әзірлемелермен танысты. Кездесулерде киберқауіпсіздік, пайдаланушылардың деректерін қорғау және телекоммуникация саласында инновациялық шешімдерді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар депутат ТМД және Еуропа елдерінің реттеуші органдарының басшыларымен кездесіп, цифрлық технологияларды реттеу, радиожиіліктерді бөлу және желілік инфрақұрылымдарға жасанды интеллектті енгізу тәжірибесі бойынша пікір алмасты.

Көрмеде Қазақстанның да қатысуы ерекше атап өтілді. «Қазақтелеком» АҚ және Kazdreem жекеменшік технологиялық компаниясы өздерінің озық жетістіктерін таныстырып, халықаралық әріптестермен ынтымақтастық орнату бойынша келіссөздер жүргізді.

Қазақстан телекоммуникация саласында үздік әлемдік тәжірибелерді енгізуге ұмтылады. MWC 2025 көрмесіне қатысу – жаңа технологияларды зерделеу, жиілік спектрін реттеу және халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін маңызды қадам, – деп атап өтті Ерболат Саурықов.

Конференция қорытындысы бойынша депутат Қазақстанда мобильді саланы дамыту, радиожиілік спектрін бөлу және киберқауіпсіздік бойынша ұсынымдар дайындауды жоспарлап отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға