Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау 19 наурызда өтеді
Мемлекет басшысы Жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Онда Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау мерзімі бекітілген, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
«1. Жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі таратылсын.
2. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалсын» делінген Жарлықта.
Сондай-ақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдемесінде барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын Орталық сайлау комиссиясы белгілейтінін атап өтті.
Осыған дейін жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісі таратылғанын хабарлаған едік.