Мәжіліс депутаттары Түркістан облысындағы кәсіпорындарды аралады
Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары Қайрат Балабиев, Ұласбек Сәдібеков, Темір Қырықбаев пен Нұрсұлтан Байтілесов бүгін Түркістан облысында болып, Сарыағаш ауданындағы кәсіпкерлік нысандарды аралады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сонымен қатар, депутаттар аудан жұртшылығымен кездесті. Мәжіліс депутаттары ең әуелі өңірдегі «Agrotur» шаруа қожалығы жылыжайының тыныс-тіршілігімен танысты. Мұнда 4 гектар жерде қияр мен қызанақтан бастап көптеген бақша өнімдері өсіріледі. Олардың қатарында зәйтүн мен розмарин, киви мен құлпынай, анар мен құрма сияқты сирек кездесетін жемістер бар. Сондай-ақ бір гектар жерде қияр мен қызанақ көшеті, ал екі гектар бақта алмұрт, шие мен өрік егіледі. Сонымен бірге қожалық голландиялық гүлдерді өсіріп, сатылымға шығарады. Қазір тропикалық жемістерді өсіру жолға қойылған.
Депутаттар жылыжай қызметкерлерімен әңгімелесіп, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған заңдар туралы айтып берді. Кәсіпкерлер тұқымбақ шаруашылықтарын субсидиялау, жылыжайларды көмірмен қамтамасыз етуде туындайтын проблемаларға қатысты ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.
Біз бұл жылыжай кешеніне арнайы келіп отырмыз. Өйткені Парламентте жылыжай шаруашылықтарын мемлекеттік субсидиялау туралы мәселе көтерген едік. Ол оң шешімін тауып, жылыжайларға субсидия беріле бастады. Жылыжай – ауыл шаруашылығы саласының маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан айтылған ұсыныстарыңыздың бәрі тиісті министрліктерге жеткізіліп, зерделенетін болады. Қажет болса, заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесін де қарастырамыз, – деді Қайрат Балабиев.
Одан әрі депутаттар Сарыағаш қаласындағы «Бәйтерек- Шымкент» тамақ өнеркәсібі мекемесінде болды. Кәсіпорын сапалы кондитерлік тағамдармен ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, көршілес елдерге де экспортқа шығарады. Депутаттар сұранысы жоғары өнім түрлерін көбейту, ішкі өндіріс әлеуетін арттыру сияқты бірқатар сұрақ бойынша пікір алмасты.