Жаңалықтар

Мәжіліс депутаттары су тасқынының алдын алу жұмысымен танысты

Мәжіліс депутаттары су тасқынының алдын алу жұмысымен танысты
Фото: t.me/AMANATPartiyasy 06.04.2024 11:10 661

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров пен Ұлықбек Тумашинов су тасқынының алдын алу жұмысымен танысу мақсатында Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданына барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аталған аудандағы облыстық маңызы бар Ақсуат-Бәкей-Қарасу-Ақжар тас жолының 43-44 шақырымын су тасқыны шайып кетуінен қорғау және қарғын судың Қарасу, Бәкей елді мекендеріне қарай жайылып кетуінің алдын алу мақсатында тиісті шаралар қабылданды.

Біздің басты мақсатымыз – су тасқынының алдын алу шараларымен танысу. Бүгінде Тарбағатай ауданында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қауіп сейіліп, жағдайды жергілікті әкімдік пен мәслихат депутаттары бақылауға алды. Жол салған кезде су өтетін құбырлар мен көпірлердің қос салынуын ескеру қажет, – деді Ерлан Саиров.

Сонымен қатар мәжілісмендер өңірдегі республикалық маңызы бар тас жолдарды жөндеу жұмысына назар аударып, Қытайдың «Синь-синь» компаниясы өкілдерімен кездесті. Депутаттар жөндеу жұмысын жылдамдату керек екенін, бірнеше аудан тұрғындары жол азабын тартып отырғанын жеткізді.

Қытай компаниясы биыл өңірдегі Ақмектеп – Боғас арасындағы 13 көпірдің құрылысын аяқтап, 2 қабат асфальт жабындысын төсеуді көздеп отыр. Сондай-ақ Боғас – Қалбатау аралығындағы жолды көтеру, қомдау жұмыстары мен 1 қабат асфальт жабындысын төсеп, жолды ашу жоспарлануда, – деді Шығыс Қазақстан облысы бойынша «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ филиалының директоры Нұрбек Темірханов.

Ал Қытай компаниясының өкілдері қаржыландыру мәселесіне қатысты ешқандай кедергі жоқ екенін, жұмыс уақытылы аяқталатынын айтты.

Биыл маусым, шілде айларында дәл осы мәселе бойынша өңірге тағы да келіп, жұмыс барысын тексереміз. Жоспарлы жұмыс уақтылы аяқталады деп сенемін, – деді Ұлықбек Тумашинов.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға