Мәжіліс депутаттары су басқан өңірлерде жүр
Парламент Мәжілісінің депутаттары су басқан аймақтарға барып, зардап шеккен тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Депутат Мақсат Толықбай өзінің желі парақшасында жұмыс сапары туралы ақпаратпен бөлісті. Жазуынша, байланыс ұстайтын аймаққа енді жеткен. Ондағы мәліметке сүйенсек, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар мектептің екінші қабатын паналап отыр.
Күндіз-түні Ақтөбе облысындағы үйі суға кеткен ағайынның қасында жүрміз. Шынын айтқанда, бірдеңе деп пост жазуға мұрша жоқ. Жағдай қиын. Құр жүрген жоқпыз. Еріктілерге рақмет! AMANAT партиясы тарапынан қолдан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз. Қазір бастысы адам шығыны болмасыншы деп тілейікші. Берсиев сияқты ауылдарды толық қызыл су шайып кетті. Қорқынышты. Тұрғындар мектептің екінші қабатында отыр. Тікұшақ қонатын жер жоқ, - делінген жазбада.
Ақтөбе облысында жүрген тағы бір Мәжіліс депутаты Асқар Садықов та байланысқа шығып, желі парақшасында Аөңірдегі ахуалмен бөлісті. Депутаттар ұшақтан түсе салысымен Қобда ауданына жол тартқан.
Су басқан аймақта 237 үй бар, жергілікті әкімшілік шұғыл әрекет етті. Тұрғындар мектептер мен колледждерге орналастырылып, ыстық тамақ пен жатын орын жеткілікті деңгейде ұйымдастырылған. Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары мен облыс әкімінің орынбасары аудандық штаб жұмысын үйлестіріп отыр деп жазды "Ақжол" фракциясының мүшесі Асқар Садықов.
Депутат тілшілерге берген сұхбатында "Ақжол" партиясының аудандық, қалалық деңгейдегі депутаттары мен еріктілері су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын беру жұмыстарына білек-сыбана қосылғанын атап өтті.