Жаңалықтар

Мәжіліс депутаттары ауылшаруашылық саласының даму бағытын талқылады

Мәжіліс депутаттары ауылшаруашылық саласының даму бағытын талқылады
Фото: Мәжіліс 05.07.2024 15:12 603

«Ауыл» партиясынан сайлаған Мәжіліс депутаттары Серік Егізбаев, Жигули Дайрабаев және Ерболат Саурықов Қызылорда және Түркістан облыстарына жұмыс сапары барысында бірқатар нысанды аралап, тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ел басшылығы тарапынан ауылды дамытуға, шаруа қожалықтарды қолдауға үнемі қолдау көрсетіліп, аграрлық салаға ерекше назар аударып келеді. Соның нәтижесінде ауылға көрсетілген қолдаудың арқасында аяғынан тік тұрып, шаруасын жолға қойып алған ірі шаруа қожалықтары бүгінгі таңда дамып келеді.  

Солардың бірі – Қызылорда облысы Қармақшы ауданы, Т.Жүргенов ауылындағы шаруа қожалығы. Депутаттар күріш өсіру шаруашылығын дамытып, алма бағын өсіріп, 2500 га жерді игеріп, 120 адамды жұмыспен қамтып отырған қожалықтың жұмысымен танысып, онда еңбектеніп жатқан ауыл тұрғындарымен кездесті. Бұдан бөлек Төретам, Қармақшы, Жалағаш, Қазалы аудандарында ауыл тұрғындарымен, шаруа қожалықтарының мұң-мұқтажын, шешілмей жатқан мәселелерін тыңдап, бақылауына алды.

Одан әрі  депутаттар Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Сауран, Ордабасы аударына ат басын тіреп, ондағы шаруашылық нысандар мен сүт өңдеу  зауыттарының жұмысымен танысты. Сонымен қатар аграрлық салада еңбек етіп жүрген ұжымның ұсыныс-пікірін тыңдап, ауылшаруашылық саласының даму бағытын талқылады. Кәсіпорындар басшылары жұмыс барысында кездесетін көкейтесті мәселелерін айтып, депутаттар тарапынан назарға алынды.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов «Ауыл» партиясы ауылдық өңірлерді дамытуға және аграрлық саланы қолдауға ерекше көңіл бөлетінін айтып, сапар барысында қандай мәселелерге ерекше назар аударғанын айтты.

Біздің партия шағын және орта шаруа қожалықтарын қолдауға және дамытуға, оларды қажетті ресурстармен және қаржыландыруға қолжетімділікпен қамтамасыз етуді ықпал етеді. Сондай-ақ ауылдық өңірлерде көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруды, агроөнеркәсіптік кешендегі инновацияларға ерекше басымдық береміз. Ең бастысы, бәсекеге қабілеттілікті арттырып, жаңа ауыл шаруашылығы технологиялары мен әдістерін енгізуді қолдаймыз. Осы мақсатта Қызылорда және Түркістан облыстарына келіп, ауылшаруашылығы мамандарымен кездесіп, өндірісті арттыру мәселелерін талқыладық, – деді Ерболат Саурықов.

Сапар барысында депутаттар жұртшылыққа Мәжіліс қабырғасында қабылданған заңдар туралы түсіндіріп, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Депутаттардың сапары одан әрі Жамбыл облысында жалғасуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға