Жаңалықтар

Мәулен Әшімбаев Британияның «BALEAP» академиялық қауымдастығының форумында сөз сөйледі

Мәулен Әшімбаев Британияның «BALEAP» академиялық қауымдастығының форумында сөз сөйледі
Фото: senate.parlam.kz 01.06.2024 20:40 633

Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев «COVID-тің жоғары білімге әсері – New Framework – New Balance?» атты халықаралық конференцияға қатысты. Іс-шара BALEAP британдық академиялық мақсаттағы ағылшын тілі оқытушылары қауымдастығының ұйымдастыруымен өтті, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Мәулен Әшімбаев академиялық ағылшын тіліне арналған халықаралық конференция ғылым мен білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылайтын және практикалық ұсыныстар әзірлейтін маңызды алаң екенін атап өтті. Ағылшын тілін еркін меңгеру – ел дамуының және экономикалық өсудің негізгі факторы.

Қазіргі таңда ағылшын тілі орта және жоғары білім беру жүйесінде үлкен маңызға ие. Бұл тіл климаттың өзгеруі, теңсіздік, кедейлік сияқты жаһандық проблемаларды шешу жолында пікір алмасуға, ынтымақтастық орнатуға және ықпал етуге мүмкіндік береді. COVID-19 пандемиясы білім беру жүйесіне айтарлықтай қатер төндірді. Сондай-ақ қалыптасқан жағдай цифрлық технологияларды енгізу ісін жеделдеткенін атап өткен жөн. Сондықтан пандемия, бір жағынан, инновациялық шешімдерге жетелеп, оқыту мен білім беру тәсілдерін қайта зерделеуге ықпал етті деуге болады, – деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар жиында онлайн білім беру форматы белгілі бір техникалық кедергілерге қарамастан жастарға жаңа мүмкіндіктерге, оның ішінде үздік әлемдік білім беру ресурстарына үздіксіз қол жеткізуге жол ашатыны айтылды.

Айта кетсек, былтырдан бастап Қазақстанда 20000 студент Coursera белгілі білім беру платформасының қашықтан оқыту курсына қол жеткізді.

Ақпараттық технологиялар білім беру саласына үлкен өзгерістер әкелген нағыз катализаторға айналды. Жаңа мүмкіндіктер білім беру тәсілін өзгертіп, оны қолжетімді және тиімді ете түсті. Бүгінде біз ақпараттық технологиялар мен жаһандық сын-қатерлерге негізделген жаңа білім беру парадигмасының табалдырығында тұрмыз. Британдық академиялық мақсаттағы ағылшын тілі оқытушылары қауымдастығының негізгі қағидаларының бірі білім берудің инклюзивтілігі мен сапасын қамтамасыз ету. Сапалы білімнің бәріне бірдей тең қолжетімді болуы Қазақстанда жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалардың негізі екенін атап өткен жөн. Тең қолжетімділікті қамтамасыз ету білім беру саласындағы негізгі проблемалардың бірі екені анық. Осы мәселені шешуде онлайн оқыту үлкен рөл атқарады, – деді Мәулен Әшімбаев. 

Өз сөзінде Сенат төрағасы білім беру саласында жасанды интеллектінің әлеуеті зор екенін де тілге тиек етті.

Конференция барысында University of Reading (Ұлыбритания) оқу орнының профессоры Лиз Уайлдинг, Nazarbayev University-дің академиялық мәселелер жөніндегі вице-провосты Лоретта О'Доннелл және академиялық ағылшын тілі саласындағы тағы басқа сарапшылар сөз сөйледі.

Айта кетейік, Қазақстанда бірнеше оқу орнында білім беру ағылшын тілінде жүргізіледі. Бұл қатарда De Montfort University және Heriot-Watt University сияқты халықаралық университеттердің филиалдары да бар. Сондай-ақ ғылым және білім саласында халықаралық серіктестікті белсенді дамытып отырған Nazarbayev University де Қазақстанда ағылшын тілінде оқытудың озық үлгісін көрсетіп келе жатқанын атап өткен жөн.

BALEAP қауымдастығы жыл сайын кәсіби мәселелер бойынша төрт форум өткізеді. Биыл осындай форумдардың бірі алғаш рет Ұлыбританиядан тыс жерде ұйымдастырылып отыр. Қазақстанның академиялық ағылшын тілін оқыту мәселесіне арналған аталған беделді іс-шараны өткізу мүмкіндігіне ие болуы тегін емес. Бұған Nazarbayev University-дің 2019 жылдан бастап BALEAP қауымдастығының институционалдық мүшесі және бұл оқу орны қауымдастықтың аккредитациясын алған ТМД елдері арасындағы алғашқы университет екені себеп болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға