Жаңалықтар

Мәулен Әшімбаев боччадан Қазақстанның паралимпиадалық командасымен кездесті

Мәулен Әшімбаев боччадан Қазақстанның паралимпиадалық командасымен кездесті
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі 30.10.2023 19:42 870

Сенат төрағасы – Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен IV Азия пара ойындарына қатысқан еліміздің паралимпиадалық командасымен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сайыс қорытындысы бойынша, боччадан Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға табан тіреген болатын.

Мәулен Әшімбаев қазақстандық боччашылардың алғаш рет Азия пара ойындарына қатысқанын назарға алып, осындай деңгейдегі ірі додада бақ сынаудың өзі айтарлықтай жетістік екенін тілге тиек етті. Қазақстан құрамасы Иран, Корея, Гонконг, Таиланд, Жапония және тағы басқа елдердің атлеттерімен сынға түсті.

Жарыс жолында сіздер табандылық пен төзімділік таныта білдіңіздер. Азия пара ойындарына қатысу арқылы мол тәжірибе жинап, отандық бочча тарихындағы жаңа кезеңге жол аштыңыздар. Жеңіс дегеніміз – қиындықтар мен кедергілерді еңсеріп, өз мақсаттарыңа қол жеткізу. Қытайдағы сайыста қарсыластардың тәжірибелі құрамалар болғаны белгілі. Сондықтан жалпыкомандалық есепте сегізінші орын алудың өзі айтарлықтай нәтиже. Біз осы сайыста өзіміздің әлі де болса жетілдіретін тұстарымызды анықтап алдық. Алдағы уақытта сол бағыттар бойынша жұмыс істейміз, – деген Мәулен Әшімбаев спортшыларға, жаттықтырушыларға және үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан ата-аналарға алғыс білдірді.

Палата Төрағасы атап өткендей, Азия пара ойындары елімізде паралимпиадалық спорт түрлерін дамытуға тың серпін берді. Аталған жарыста Қазақстанның параспортшылары 41 жүлде, яғни 8 – алтын, 12 – күміс және 21 қола медаль олжалап, жалпы есепте 11-орыннан көрінді.

Мәулен Әшімбаев қол жеткізген жетістікпен тоқтап қалмай, келесі сайыстарда бұдан да жоғары нәтиже көрсету үшін жаттығу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыра берудің маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ ол дәл осындай табандылық пен тәртіп үлкен жеңістердің кепілі екеніне назар аударды.

Федерацияның жоспарына сәйкес желтоқсан айында боччадан ел Кубогы сарапқа салынады. Келесі жылы тағы алты сайыс өткізу көзделіп отыр. Сондықтан қарқынымызды бәсеңдетуге еш негіз жоқ. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде спорт саласын дамыту үшін түбегейлі өзгерістер қажет екенін айтты. Бұл ретте негізгі бағыттардың бірі басқару сапасын жақсарту, сондай-ақ, Туризм және спорт министрлігі, Ұлттық олимпиадалық комитет және спорт федерациялары арасындағы жұмыс үйлесімділігін арттыру екені сөзсіз. Осыған байланысты Қазақстан бочча федерациясы да жаттықтырушылар құрамымен жұмысты жетілдіреді және оң нәтижелерге қол жеткізу жолында басқа да шараларды қабылдайды, – деді Сенат спикері.

Айта кетейік, Азия пара ойындарында боччадан бақ сынаған ұлттық құрама сапында Мейірбек Оразбек, Қуаныш Асқарбеков, Итиана Шыңғысханова және Темірлан Алтынсары болды. Барлық спортшымыз классификациядан сәтті өтті және оларға халықаралық санат берілді.

Сонымен қатар өткен аптада қазақстандық боччашылар Грекияда ұйымдастырылған ірі халықаралық сайысқа қатысты. Ол жерде отандасымыз Виктор Кожевников төртінші орын алды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға