Жаңалықтар

Математик, инспектор, актер: ӘЧ-2018 төрешілері кімдер?

Төреші болу тағдырға жазылғандай
Математик, инспектор, актер: ӘЧ-2018 төрешілері кімдер?
04.07.2018 17:36 4787

Футболдың көркі тек алаңда ойнайтын 22 футболист қана емес, сонымен қатар жанкүйерлері және футболистерден кем жүгірмейтін төрешілері. Кездесудің қалай өтуі осы ысқырық ұстаған жандарға тікелей байланысты. Ендеше, Ресейде өтіп жатқан әлем чемпионатында кімдер төрелік етіп жатқандығына бір шолу жасайықшы...

Көпшілікті өзінің ерекше жұмысымен таң қалдырған панамалық Габриэль Викторияның негізгі мамандығы қоқыс теруші. Бұл кәсіпте 25 жыл еңбек етіп келеді.  Айлардың "сұлтаны" мундиальда ол – бас төрешінің көмекшісі. Панама елі басқа да шағын мемлекеттер секілді футбол арбитрларын жақсы жалақымен қамтамасыз ете алмайды. Олар тек төрешілік еткен матчтар үшін ғана ақша беруге қауқарлы. Ал гонорар ше? Ол жақсы өмір сүруге мүлде жетпейді. Сол себепті де Габриэль жасыл алаңнан тыс, көшелерде қоқыс жинаушы болып жұмыс жасайды. Десек те, бұл жұмысы оның төрешілік қызметіне еш кедергі келтіріп жатқан жоқ. Виктория U-20 (2015 жыл) мен U-17 (2017 жыл) әлем чемпионатында, АҚШ-та жалауы желбіреген Америка Кубогында-2016 қызмет етті. Міне, енді әлемдік доп додасының төрешілер құрамына кіріп отыр.

Бахрейн елінің өкілі Наваф Шукралла бұл чемпионаттан бөлек, 2014 жылы Бразилияда өткен әлем чемпионатында төрешілер құрамына кірген еді. Ол АФК чемпиондар лигасында, Клубтық әлем біріншілігінде, әлемдік додаға жолдама берілетін іріктеу турнирлерінде жақсы қырынан танылған. Бір қызығы, Наваф төрешіліктен бөлек дене шынықтырудан дәріс береді.

Америкадан келген Марк Гейгер бұл қызметте 1998 жылдан бері жүр. Ол  2004 жылы АҚШ-тың жоғары лига ойындарын төрелік етуге жіберілді. 2008 жылы ФИФА лицензиясына ие болып, халықаралық ойындарды таразылауға мүмкіндік алды. Гейгер өзінің әділ шешімдерімен, ойынды көре алуымен американдықтарға танымал. Ол 2011 жылы АҚШ-тың үздік кәсіби футбол төрешісі атағына ие болды. Марк Гейгер бұл қызметін математикадан дәріс берумен ұштастырып жүрген еді. Бірақ, 2010 жылы ФИФА жарты мөлшерлемемен жұмыс істейтін арбитрлерге толық тыйым салған соң, мектептен шығуға тура келді.

Гейгердің сөзінше, математика мен футболдың арасында керемет байланыс бар. Сан, құрылым, кеңістік пен футбол алаңындағы динамика арасында расымен де ұқсастық бар секілді ме, қалай?

Нидерландылық Бьорн Кейперске жасыл алаңда төрелік ету әкеден келген секілді. Ол Еуропадағы ең беделді турнирлердің ақтық матчтарында төрелік еткен. Мәселен, 2011 жылы УЕФА Суперкубогы үшін таласқан «Барселона» мен «Порту» арасындағы ойында және осы жылы болған «Марсель» мен «Атлетико» футбол клубтары арасындағы Еуропа лигасының финалында жұмыс жасады. 2006 жылдан бері ФИФА төрешілер алқасының құрамына кіреді. Кейперстің негізгі мамандығы – бизнес-әкімшіліктендіру. Ол қазір әкесімен бірге С1000 супермаркеттер желісі мен шаштараздың басшысы болып отыр.

Сергей Карасев ӘЧ-2018-те төрелік етіп жатқан жалғыз ресейлік. Ол «Темирязевец» спорт мектебінің түлегі. Бірлі-екілі доп додаларында фтуболшы ретінде қатысқан. Бірақ, әкесінің қалауымен төрешілікке бет бұрады. Мамандығы – заңгер. Карасев ағылшын тілін енесі мен сүйікті музыкалық тобы «Slayer»-ден үйренгенін айтады. 2005 жылға дейін төрешілікпен қатар, айына 200 доллар жалақымен банкте жұмыс жасаған екен.

Өзбекстандық Равшан Ирматов әлем чемпионатының 11 ойынында төрелік етіп, рекорд орнатқан. Ол 1996 жылы Өзбекстан бірінші лигасында ойнап жүріп, ауыр жарақат алып, футболшылық мансабына нүкте қояды. Оның әкесі КСРО футбол біріншілігінде төрелік еткен. Равшан әкесінің жолымен жүруді жөн санайды. Ол бар болғаны 25 жасында (2003 жылы) ФИФА төрешілер қауымына қабылданды. Ирматов футбол төрешілігінен басқа жергілікті мектепте футбол инспекторы болып қызмет етеді. Оның тағы экономикалық білімі бар. Бүгінде Ирметов өз елінде спорттық дүкендер желісін достарымен бірге басқарып отыр.

Түрік Джюнейт Чакыр Стамбул университетінің экономика факультетінде оқып жүріп-ақ, төрелік қызметін бастап кетеді. Ол 2007 жылы Түркия чемпионатындағы ең шулы төбелестің ортасында қалған. Кездесу барысында Чакырге ойыншылардың бірі шабуыл жасағандықтан, матчты тоқтатуға шешім шығарады. Оның бұл ойы қақпашыларды жаттықтыратын бапкерге ұнамай қалса керек. Қызуқанды жаттықтырушы төрешіні сұлатып түсірген. Ауыр соққы алып, қиын кезеңдерді басынан өткерсе де, Джюнейт ең атақты әлемдік төрешілердің қатарынан орын ала білді. Чакырдың негізгі мамандығы – сақтандыру агенті. Ал хоббиі – кітап оқу мен кинофильмдер қарау.

Аргентиналық арбитр Нестор Питана төрешілікке дейін өзінің әртістік қырынан танылған. 1990 жылдары LaFuria фильмінде оған басты кейіпкерлер Диего Торрес пен Лаура Новоаның күзетшісі рөлі бұйырады. Ол бұған дейін Бразилияда өткен доп додасында, 2017 жылғы Конфедерация кубогында, 2016 жылғы Олимпиадада төрелік еткен.

Бір айта кетерлігі, ӘЧ-2018 бас төрешілер 57 мың €, әр өткізген ойыны үшін 2,5 мың €-дан алса, олардың көмекшілері жалпы 20 мың € және қатысқан әр кездесуге 1600 €-ны қалталарына басады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға