Жаңалықтар

«Масс-медиа туралы» заңда ерекшелік көп – публицист

«Масс-медиа туралы» заңда ерекшелік көп – публицист
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан 13.02.2023 12:22 10238

Бүгінде қолына қалам ұстаған қауым «Масс-медиа туралы» заңды қызу талқылап жатыр. Осы ретте журналист-публицист Марат Тоқашбаевты сөзге тартып көрген едік.    

«Масс-медиа туралы» заң жобасымен танысып шықтыңыз ба?

–Заң жобасымен танысып шықтым. 70 баптан тұрады. Маған тым ұзақтау көрінді. Бірақ заң жобасы көпшілікке 2-ақпанда ұсынылған екен. Әрі 16-наурызға дейін талқылау жалғасады. Бұл мүдделі азаматтардың заң жобасымен танысуына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Ұзақ болатын да себебі бар, бұл жоба іс жүзінде Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Телерадио хабарларын тарату туралы» екі Заңды бір атаумен біріктіріп отыр. Жалпы «Мас-медиа туралы» заң журналист мәртебесін бекітуде маңызды құжат болмақ. Сонысымен де көңілімнен шығып отыр дей аламын. Өйткені, бұл біздің отыз жылдан бері айтып жүрген мәселеміз еді. Сонау 1990 жылдардың басынан бері марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы Ақпарат министрі болып тұрған кездері осы мәселені жиі көтерген едік. Бірақ оның барлығы аяқсыз қалған еді.

Жаңа заңның ерекшеліктері қандай?

– «Масс-медиа туралы» заңда журналистердің мәртебесін айқындауға мүмкіндік беретін «Пресс карта» деген ұғым енгізіліпті. Бүгінде блогерлер, интернет қауымдастық өкілдері немесе кім әлеуметтік желіде белсенді солардың бәрі «журналист» болып кетті ғой. Ал бірақ іс жүзінде кәсіби журналистер мен әуесқой жазғыштардың арасын ажырату керек. Сондықтан «Пресс карта» ұғымын енгізуді қолдаймын. Өйткені, бұл шынайы әрі кәсіби журналистерді айқындайды. Яғни, мұнда маманның журналистика факультетін бітіргені туралы дипломының болуы, бұқаралық ақпарат құралдарында кемінде үш жылдық еңбек өтілі болуы секілді мәселелер көзделген екен. Бұл – өте дұрыс шешім. Өйткені, бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарында журналистика мамандығын оқымаса да жұмыс істеп жүргендер бар. Журналистикаға «туыстас» филология, тарих, тіпті техникалық мамандық алып шыққан адамдардың ішінде өздерін журналист санап жүргендер де жетерлік. Заңда олардың да мүддесіне нұқсан келтірмес үшін БАҚ-тағы еңбек өтілі 5 жыл болуы керек деп көрсетілген екен. Мұны әділ қойлыған талап деуге болады. Ал блогерлерге, жалпы интернет ресурстарында жұмыс істейтін басқа қызметкерлерге бөлек заң шығарылғаны дұрыс деп ойлаймын. Тұңғыш рет журналистердің мәртебесін айқындайтын заң жобасы, меніңше, өте құптарлық жұмыс.

Заңда бұқаралық ақпарат құралдары тарататын хабарлардың мазмұнына қатысты қандай пункттер бар?

– Осы заң жобасының тағы бір ерекшелігін айта кетейін. Мұнда мемлекеттік тілге деген талап күшейтіліпті. Мысалы, мемлекеттік тілдегі теле-радио бағдарламалар өзге тілдегі өнімдердің жиынтық көрсетілімінен кем болмасын деген қағидалар бар. Демек Қазақстанда тарайтын теле-радио арналардағы барлық хабарлардың кемінде жартысынан көбі қазақ тілінде болуы керек. Бұрын көркем фильмдерде, бағдарламаларда экранның төменгі жағына титр пайдаланып, соны қазақ тілді материалдардың санына қосатын. Ал осы заң жобасында субтитрлар пайдаланылған контенттер тілге байланысты қойылатын талаптарға сай болмайды. Ендігіде өзге тілдегі теле-өнімдерді қазақ тіліндегі субтитрмен көрсетіп, міндеттен құтылдық деген болмайды. Демек сол хабардың өзі толығымен мемлекеттік тілде болуы керек деген сөз.

Сондай-ақ заң жобасының 24-бабын айрықша атап өткім келеді. Бұл жерде шетелдік теле-радиоарнаның материалдары еліміздің конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, экстремизмдi және терроризмді, қатыгездiк пен зорлық-зомбылықты насихаттайтын болса, ондай шетелдік БАҚ есепке қоюдан бас тартылады. Яғни соғысты насихаттайтындар Қазақстан Республикасының аумағында тайраңдай алмайды деген сөз.

Көңіліңіз толмаған тұстары бар ма?

–  Айтпасқа болмас, кейде билік мүмкіндігінше бұқаралық ақпарат құралдарын ауыздықтап, соларды үнемі қадағалап, бақылауда ұстағысы келеді. Осы мақсатта, 41-бапта айтылғандай, бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің мәселелері жөніндегі республикалық және өңірлік қоғамдық-кәсіптік кеңестер құрудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл тым асыра сілтеу болып кетеді. Еліміздегі БАҚ-тар мұндай реттеусіз және қадағалаусыз-ақ саналы түрде, заң шеңберінде жұмыс істейді деп ойлаймын және сенемін.

–  Өзге де әріптестеріңіздің ой-пікірін тыңдадыңыз ба?

– Жоқ. Мұның бәрі менің жеке пікірім. Заң жобасы қабылданғанға дейін әлі біраз этаптан өтеді. Бірнеше рет қоғамдық талқылау жүргізіледі. Министрлікте талқыланады, кейін сол нұсқа Үкіметке беріледі. Үкіметте қаралған соң Парламенттің төменгі палатасына жолданады. Мәжілісте осыған байланысты арнайы жұмыс тобы құрылады. Кейін жұмыс тобының қорытындысы шығарылады. Содан соң оның бірінші және екінші оқылымдары болады. Кейін Сенатқа жолданады. Ол жерде де арнайы жұмыс тобы құрылады. Онда да бірнеше оқылым ұйымдастырылады. Қысқасы, заң қабылданғанға дейін кемінде бір не бір жарым жылдай уақыт кетеді. Қаншама түзетулер, өзгертулер және толықтырулар болады. Сондықтан біз байқамай жатқан немесе біздер көз жұма қараған бірқатар бап біршама өзгерістерге ұшырайды деп ойлаймын.   

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға