Мәскеулік мамандар Құрманғазы консерваториясында шеберлік сыныбын өткізуде

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясының шығармашылық мектебі өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәскеуден келген қонақтар студенттер мен оқытушыларға, сондай-ақ өнер әлеміне қызығушылық танытатындар үшін де шеберлік сыныптары мен ашық іс-шаралар өткізіп, дәрістер оқыды. Делегация құрамында музыка ғылымы мен орындаушылық өнердің жетекші шеберлері де бар.
Дәрістер «Музыкатану және композиция», «Арт-менеджмент», «Арнайы фортепиано», «Вокалдық өнер» және «Дирижерлеу» секілді білім беру бағдарламаларының студенттеріне арналған.
Шығармашылық мектеп 28 ақпанға дейін жалғасады. Іс-шара Еркеғали Рахмадиев атындағы үлкен залда консерваторияның аралас студенттік хорының қатысуымен өтетін концертпен қорытындыланады.
