Мәскеуде қазақстандық жауынгердің сүйегі тапсырылды

Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқан қазақстандық жауынгердің сүйегін тапсыру рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Елшіліктің мәліметінше, жауынгердің сүйегін өткен жылдың күзінде Новгород облысында жергілікті "Медведь" және "Находка" іздестіру жасақтары тапқан. Оның медальонында сақталған жазбалардың арқасында Семей облысының тумасы, 1908 жылы туған Оразғали Белубаевтың жеке басын анықтау мүмкін болған. Осы уақытқа дейін жауынгер хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында болған. Іздестірушілердің хабарлауынша, ол 1943 жылы тамызда Старая Русса қаласын азат ету шайқасында қаза тапқан.
Қазақстан Ресей Федерациясындағы Елшілігінің әскери атташесі аппаратының және "Майдан Жолы" мен "Ерлік-Даңқ" іздестіру жасақтарының көмегімен жауынгердің туыстары табылды. Жақын арада оның сүйектері Отанына жеткізіліп, құрметпен қайта жерленетін болады.
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев қаза тапқан ата-бабаларды Қазақстанда құрметпен еске алатынын атап өтіп, іздеушілерге игілікті істері үшін ризашылығын білдірді.
Сол күндерді еске алу біздің халықтарымызды біріктіреді, кез келген сынақтар алдында бірлік пен ынтымақтастықтың күшін еске салады. Бүгінде Қазақстан бейбітшілік, тату көршілік қарым-қатынас және тарихи шындықты құрметтеу қағидаттарына адал болып қала береді! - деді Елші.
Новгород облысы губернаторының орынбасары Илья Маленко 1989 жылдан бері жыл сайын өңірдегі Еске алу вахталарына қатысып, өз үлестерін қосып келе жатқан қазақстандық іздестірушілердің жұмысын атап өтті.
Олардың еңбегі – Отанына, туыстары мен жақындарына қайтарылған жүзден астам есімдер. Ортақ тарихымыздың ұмытылмас беттері мен Ұлы Жеңіс біздің мәңгі есімізде! – деді ол.
Новгородтық "Находка" іздестіру жасағының командирі Александр Морзунов табылған сарбаздар медальонын әрдайым толқи отырып ашатынын айтты.
Новгородтық "Медведь" іздестіру жасағының командирі Игорь Тума өкінішке қарай, қаза тапқандардың жеке басын анықтау мүмкін болмаған жағдайлар да кездесетінін айтты. Бірақ қазақстандық жауынгерге қатысты заманауи технологиялардың көмегімен медальондағы жазбалар оқылып, содан кейін оның туыстары табылған.
Қаза тапқан жауынгерге қатысты іс-шара барысында мұсылман дәстүрлеріне сәйкес жаназа оқылды.
Қаза тапқан сарбаздардың сүйектерін табу бойынша қазақстандық және ресейлік іздестіру жасақтарының бірлескен жұмысы жалғасуда.
