Мас күйде көлік жүргізгендерге қатысты жазаны қайта қараудың қажеті жоқ – сенатор

Сенат кулуарында Сенат депутаты Марат Қожаев көлікті мас күйде басқарғаны үшін қолданылатын жазаны қайта қарау туралы Мәжіліс депутаттарының ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Марат Қожаев айтуынша, қазіргі қатаң шаралар өз тиімділігін көрсеткен.
Жол қауіпсіздігі саласы мамандарының пікірінше, бұл норма мас күйде көлік жүргізуге тосқауыл болуда. Бастапқыда құқықтан бір жылға айыру қарастырылғанымен, ол нәтиже бермеді. Кейін бұл мерзім 2, 3 жылға ұзартылды, ақырында 7 жылға дейін көбейтілді, – деді ол.
Сенатордың сөзінше, қазіргі қатаң жаза жүргізушілерді тәртіпке шақырып, жол апаттарының санын азайтуға ықпал еткен.
Көлік – қауіпті құрал, оны басқаратын адамның жауапкершілігі жоғары болуы тиіс. Соңғы деректерге сәйкес, мас жүргізушілердің кінәсінен болатын жол-көлік оқиғаларының саны азайды, өлім-жітім көрсеткіші де төмендеді. Сондықтан бұл мәселені эмоцияға берілмей, жан-жақты сараптау қажет, – деп атап өтті Марат Қожаев.
