Жаңалықтар

Маржықпаев Головкинге қандай тапсырма берді

Маржықпаев Головкинге қандай тапсырма берді
Фото: Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі 26.02.2024 19:48 918

Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада Комитеті Бас Ассамблеясының кезектен тыс отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап. 

Жиынға Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, олимпиадалық спорт түрлері бойынша спорт федерацияларының және ҰОК спортшылар комиссиясының өкілдері қатысып отыр. 

Кезектен тыс Ассамблеяның күн тәртібінде жуырда ғана Оңтүстік Кореяда өткен IV қысқы Жасөспірімдер Олимпиадасының қорытындысы, Париждегі жазғы Олимпиадаға дайындық, заң нормаларына сәйкес ҰОК құрылтай құжаттарын өзектендіру мәселелері, ҰОК басқару органдарының өкілеттік мерзімін бекіту, сондай-ақ ҚР ҰОК-ның 2015-2023 жылдардағы жұмысының қорытындысы қаралды.

ҰОК Бас Ассамблеясы мүшелерінің дауыс беру қорытындысы бойынша Ұлттық Олимпиада Комитетінің басшысы болып даңқты боксшы, 2004 жылғы Афина Олимпиадасының күміс жүлдегері Геннадий Головкин сайланды.

Жиынды қорытындылай келе Ермек Маржықпаев Ұлттық Олимпиада Комитетін 2015 жылдан бері басқарған Тимур Құлыбаевқа атқарған қызметі үшін алғыс айтып, Ұлттық Олимпиада Комитетінің Президенті лауазымына сайланған Геннадий Головкинді жаңа қызметімен құттықтады. Сондай-ақ министр алдағы уақытта Ұлттық Олимпиада Комитетімен бірлесе жемісті еңбек етуге сенім білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға