Жаңалықтар

«Мансабындағы уақытша кезең деп қабылдайды»: депутат ауыл мен аудан әкімдерін сынады

«Мансабындағы уақытша кезең деп қабылдайды»: депутат ауыл мен аудан әкімдерін сынады
Фото: ©El.kz 16.10.2024 18:39 552

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден ауылдағы проблемаларды көтеріп, бұған көбінде кәсіби біліктілігі төмен әкімдер кінәлі екенін алға тартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісменнің премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған сауалында қанша қаражат бөлінсе де, ауылдардағы интернет пен жол сапасына айтылап сын көптігін алға тартты.

2019 жылдан бастап бұл бағытта қаржы алты есе көп бөлінген, яғни сол кезде 29 млрд теңге бөлінсе, биыл 194 млрд теңге бөлінген. Бұл өте жақсы көрсеткіш, осындай қолдаудың көмегімен ауыл тіршілігін түбегейлі өзгертуге болар еді. Мемлекет зор қолдау көрсетсе де, іс жүзінде не көріп отырмыз? Қаражат игерілмейді, мерзімдер бұзылуда, жобалар сапасыз орындалып жатыр. Мұның бір үлкен себебі бар – көбіне аудан әкімдерінің кәсіби біліктігінің төмендігі және жұмысқа ұйытқы бола алмауы, - деді Әбден.

Депутаттың сөзінше, ауылдарда жағдайды түзеуге ұмтылатын әкімдер аз. Ол басқасын былай қойғанда, мемлекекеттік мекемелердің айналасының шашылып жатқаны осы басшылардың салғырттығы деп отыр. Ал Ұлытау облысында тіпті ескерткіштерге баратын жол жоқ.

Ұлытау облысы бөлек облыс мәртебесін алған кезде адамдар қалай қуанды. Көп нәрсе жасалды. Ал бүгін не көріп отырмыз? Айталық, өңірдегі ең маңызды мәдени нысандардың бірі – Хан Орда ескерткішіне баратын жол әлі салынбаған. Ол Ұлытау ауданынан небәрі 17 шақырым жерде, бірақ оған жету қиын. Аудан әкімдігі, тым болмаса, бастама жасап «нулевка» деген қара жол салып қоюына болады ғой. Бұған көп ақша кетпейді, сонда ескерткішке кедергісіз барып-келушілер саны көбейетін еді, - дейді ол.

Қарақат Әбден туризмге бейжай қарау өңірді қаншама мүмкіндіктен айырып отырғанына наразы. Бұлай жалғаса берсе, білікті мәдениет мамандары да қашып кетуі мүмкін дегенді алға тартады.

Мысалы, әйгілі фламингомен танылған Қорғалжын қорығын алайық – осы жерде туризмді дамытып, тағы бір ерекше объектіге айналдыруға болатын табиғи қорық! Бірақ айналасындағы инфрақұрылым мәз емес. Бұған да көп қаржы қажет емес, мемлекеттік бюджетке қарамай-ақ әкім өзі кірісіп, кәсіпкерлерді ұйымдастырып, қонақүй, тамақтану орындарын, кәде-сый дүкендерін ашып қоюға болар еді, - деп налиды мәжілісмен.

Депутат ханым мұның бәріне қаражаттың жеткіліксіздігі емес, адами фактор кінәлі деп санайды.

Әкімдер көбінесе өз қызметін мансап жолындағы уақытша кезең деп қабылдайды. Олар облыс басшысының көзіне түсіп, өз мансабының келесі сатысына өтуге ұмтылады. Осылайша, бірінен соң бірі тағайындалып жатқан әкімдер білімін арттыруға ұмтылмайды және аумақтарды дамытуды өз міндетім деп санамайды. Олардың біразы тіпті сол аудандарда тұрмайды да, өз отбасыларын көшіріп апармайды. Олар балалардың мектепке қандай жолмен баратынын, мектеп асханасындағы тамақ сапасының қандай екенін, сол жердің тұрғындары бос уақытын қалай өткізетінін білмейді. Тұрғындарымен қоян-қолтық араласпаса, ол әкім ауданды қалайша тиімді басқарады? – деп қосты Мәжіліс депутаты.

Одан қалды ауыл мен аудан тұрғындары әкімнің кім екенін де танымайды екен. Әбденнің сөзінше, халықпен етене араласуға ұмтылатын әкім жоқ.

Мысалы, мен өзім барған ауылдар тұрмақ аудан орталықтарында тұрғындар әкімнің кім екенін білмейді. Әр шаңыраққа кіріп, жағдайлын сұрап, бір пиала шай арасында әрбір тұрғынмен тіл табысатын әкім жоқ, - дейді ол.

Осы орайда бұл олқылықтардың орнын толтыру үшін депутат премьер-министрдің орынбасарына бірқатар ұсыныс жасаған:

  1. Аудандық әкімдіктердің тарабынан жобалардың іске асырылуын бақылауды күшейтіп, аудан әкімдерінің жеке жауапкершілігін арттыру.
  2. Әр өңірдің мықты тұстары мен әлсіз тұстарын ескеріп, аудандарды дамыту стратегияларын әзірлеу.
  3. Аудан әкімдерінің есептерін жылына екі рет тыңдап, жұмыс тиімділігін бағалау.
  4. Ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосатын диқандармен өзара іс-қимыл жасап, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау.
  5. Аудан әкімдерін «Жаңа формация жетекшісі» бойынша оқытуды жалғастырып, аудан әкімдерінің біліктілігін арттыру.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға