Жаңалықтар

Мансабын 5-сыныпта бастаған ұшқыш

Мансабын 5-сыныпта бастаған ұшқыш
Фото: OŃTÚSTIK телеарнасы 23.08.2024 10:57 382

Кез келген ер баладан есейгенде кім болатынын сұрасаң, полицей немесе ұшқыш боламын деп, жауап беретіні рас. Әсіресе, ерік-жігері, рухы мықты ұлдар Отан үшін отқа түсуден тайынбайды. Ал сіз сол арманына жеткен қандай танымал тұлғаларды білесіз?

Бірден естеріңізге қазақтан шыққан ұшқыш-батырлар генерал Сағадат Нұрмағанбетов пен Талғат Бигелдиновтің түсері хақ. Олар тарихта өз есімдерін алтын әріппен жазып қалдырған бірегей тұлғалар. Айтсақ, сенбессіз. Шымкентте айбынды батырлардың ізін жалғаған капитан тұрады. Қостанайдың тумасы. Мансаптық жолын бірден ұшақ тілін түсінуден бастаған. Бесінші сыныпта. 10 жасар бала арманының соңында жүріп, 15 жасында ұшақты басқарады. El.kz ақпараттық порталының Шымкенттегі тілшісі 55652 әскери бөліміне барып, әскери қызметтің қиын да қызық тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.

18 тамыз – Әуе қорғанысы күштерінің құрылған күні. Осыған орай, яғни демалыс күндері Шымкенттегі 55652 әскери бөлімінде БАҚ және блогерлерге арналған баспасөз туры ұйымдастырылды. Тур барысында мәлім де беймәлім әскери әлемнің құпия құрылымдарын көріп, еш жерге жар салып айтуға болмайтын жұмыстарымен таныстық.

Әуе базасы Шымкент әуежайының жанында орналасқан. Бұл персонал мен техниканы уақтылы жеткізуге мүмкіндік береді. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Қарулы күштердің әуе барлауын жүргізуге және зардап шеккендерді эвакуациялау бөлімшелеріне авиациялық қолдауды қамтамасыз етеді. Яғни қандай да бір оқыс оқиға немесе төтеннен қауіп төнген жағдайда, тікұшақ бортында отырған азаматтарға көмекке келетін құтқарушылар деп те айтуға болады. Ал ең басты жұмысы – Оңтүстік аспанын қорғау. 55652 әскери бөлімі командирінің орынбасары – подполковник Айдар Гаухаровтың айтуынша, техника қателіктерді кешірмейді.

Біздің барлық ұшқыштар мен инженер-техниктер өз саласының мамандары. Олардың дайындық деңгейі, білімі мен шеберлігі халықаралық стандартқа толық сәйкес келеді. Кейбіреулер Ақтөбе жоғары әскери авиация училищесінде оқыды. Шетелде "босатылғандар" да бар. Бірақ, соған қарамастан біз оларды ұшатын техника түріне қайта даярлаймыз, - деді Айдар Төлегенұлы.

Подполковник БАҚ өкілдерінің «Әуе базасында қанша әскер, қанша техника және қандай жабдықтармен жабдықталған?» деген сұрағына толыққандй жауап қатпай, әуелі СУ25-ке арналған ұшақ трнежерін көрсетті, одан соң кейбір мәліметтерді айтуға болмайтынын жеткізді. Яғни, мемлекеттік құпия.

Жас ұшқыштарды осы тринажерде дайындап, тәжірибе жинақтаған соң ұшақтың ішінде дайындаймыз. Қаншама техника, қаншама ұшқыш бар – оны айту әскери  құпия. Бірақ, уайымдайтын дәнеңе жоқ. Барлығы жеткілікті. Ең бірінші тапсырмамыз, Оңтүстік аспанын қорғау. Өзімізге бекітілген міндеттерімізді атқарып отырмыз. Жас ұшқыштарды күндіз де түнде де жай және құбылмалы ауа райында да, ждауын-шашын, қарлы-боранды күндерде де дайындаймыз. Ми-171 Ш көлік-жауынгерлік тікұшақтары, Ми-35М көпфункционалды жауынгерлік тікұшақтары, Су-27 көпмақсатты жойғыш ұшақтары, L -39 оқу-жауынгерлеік ұшақтары бар. Осы техникалардың арқасында ұшқыштарды практикада дайындап жүрміз,-деді 55652 әскери бөлімі командирінің орынбасары – подполковник Айдар Гаухаров.

Ал Су-25 ұшағының ұшқышы лейтенант Олжас Әбеуов оқытуға барынша күш салу керек екеніне сенімді, өйткені техниканы жаңарту жиі жүреді және сипаттамалары бойынша олар қиынырақ болады. Бірақ игеруде ерекше қиындықтар туындамайды, өйткені олар негізінен автоматтандырылған.

Әскери-әуе күштері жау шебінде тұтқиылдан бастырмалата шабуыл жасап, ауыр соққылар береді. Дұшпан тылындағы маңызды объектілерді күйретіп, әскери-экономикалық мүмкіндігін әлсіретеді. Әскерлер мен жүектерді тасымалдайды және әуе барлауын жүргізеді. Қазіргі таңда бұл сала – жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізудің соны талаптарына жауап беретін қару-жарақ пен техниканың заманауи үлгілерімен жасақталған ҚР Қарулы күштерінің жоғары технологиялық түрі. Оның күнделікті тыныс-тіршілігі жаттығулармен, авиациялық ұшулармен, мемлекетіміздің әуе кеңістігін күзету жөніндегі жауынгерлік кезекшілікпен толыққан. Базамен танысу барысында әскери әуе-күштеріне бала кезден ұшқыш болуды армандаған рухты балалардың келгеніне көз жеткіздік. Олар ұшқыш болып қана қоймай, Отан алдындағы борышын ерекше қызметте жүріп өтеген. Оқыған, ізденген, талаптанған. Солардың бірі де бірегейі - 10-сыныптан бастап ұшақ басқарған капитан Наурызбай Шаймағамбетов. Қостанай өңірінің тумасы қазір Шымкент әуе базасында әскери қызметін атқарып жүр. Генерал СағадатНұрмағанбетов атындағы «Жас Ұлан» Республикалық мектебінің түлегі мансабын 5-сыныптан бастаған. Небәрі 15 жасында ұшақты тізгіндеп, сүйікті саласының қыр-сырына қаныққан. «Жас Ұлан» Республикалық мектебінде жүріп 10-сыныпта ТL-2000 ұшағына отырады. Аталған білім ошағын 2013 жылы бітіріп, Ақтөбе қаласындағы әскери әуе қорғаныс күштерінің әскери интитутына оқуға түседі. Ол жақта L-39 тікұшағын басқаруды меңгереді. Содан соң ротациямен Шымкент қаласына ауысады.

МиГ-29-бен ұштым. Қазір Су-30 жауынгерлік ұшағының ұшқышымын. Бізде айтады ғой «взлет опасен, полет прекрасен, посадка трудно» деп. Ұшу барысы - ең қызық сәт. Жан дүниең ашылады, тынысың кеңейеді. 5-сыныптан бастап өзім әскери адам болуды мақсат тұттым. Генерал болуды армандағамаған солдат – солдат емес дейді ғой. Шеніміз капитан болса да генерал болуды армандап жүрміз. Тарихта есіміңді қалдыруды ойлайсың. Аталарымыз Талғат Бигелдинов, Тоқтар Әубәкіров секілді болғымыз келеді. Біздің тікұшақ жойғыш тобына жатады. Әуеде 15-20 нысанды көздеп, бір уақытта жоя алады. Мұндай техниканың тілін білу үшін де адамда қабілет, қасиет керек деп ойлаймын,-дейді капитан Наурызбай Шаймағамбетов.

Айтулы күнде ғана маңызщды нысанға шолу жасауға мұрсат берілген сәтті пайдаланып, журналистер МИ-171Ш тікұшағының бортына отырып, әуеде ұшып көрді. Әрине, бұл көпшгілігіне жаңалық емес. Дейтұрғанмен, техниканы тыңдату – кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс екеніне көз жетті.

Әскери-әуе күштерінің жауынгерлері өздерінің қол жеткізген табыстарымен еліміздің қорғаныс қыбілетін нығайтуға лайықты үлес қосып келеді деуге негіз бар. Олар егемендігіміз бен Қазақстан аумағының тұтастығына сенімді қорғаныс күш.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға