Маңғыстаулықтар алдағы уақытта электр қуаты мен жылудан таршылық көрмейді – Әлихан Смайылов
Премьер-министрі Әлихан Смайылов телекөпір арқылы ұзындығы 308 шақырым болатын «Бейнеу-Жаңаөзен» магистралды газ құбырының екінші желісін іске қосты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Құбыр құрылысы өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары аясында жүргізілді.
«Бейнеу-Жаңаөзен» магистралды газ құбырының екінші желісін іске қосу елді мекендерді, ірі өнеркәсіптік нысандарды, сондай-ақ жылу және электр қуатын өндіретін Маңғыстау облысының бас энергетикалық кәсіпорны – «МАЭК» ЖШС-ны газбен тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әлихан Смайылов өз сөзінде аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылғанын және өңірдің экономикалық дамуы үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті.
Мәселен, «Бейнеу-Жаңаөзен» газ құбырының екінші желісінің өткізу қабілеті жылына 5,8 млрд текше метрді құрайды.
Бұған дейін «Окарем-Бейнеу» газ құбырының аталған бағыт бойынша өндірістік қуаты шамамен 3 млрд текше метр ғана болатын.
Енді екі газ құбырының жалпы өткізу қабілеті жылына шамамен 9 млрд текше метрге жетеді, бұл өңір қажеттіліктерін толығымен жабады.
Көгілдір отынды үздіксіз жеткізу Маңғыстау облысының экономикалық дамуына белсенді ықпал етеді. Сонымен қатар аталған жоба еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түседі, — деді Әлихан Смайылов.
«Бейнеу-Жаңаөзен» жаңа газ құбырын салу жобасына QazaqGaz және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның жеке қаражаты есебінен шамамен 180 млрд теңге инвестиция тартылды.
Сонымен қатар «Жаңаөзен-Жетібай-Ақтау» ірі газ құбырының үш желісін күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Бұл – «Бейнеу-Жаңаөзен» екінші желісінің іске қосылуымен бірге Маңғыстау облысының газ тасымалдау жүйесін жаңғыртудағы үлкен қадам.